Шымкент қаласында тұрғындар мен қонақтардың қозғалысын жеңілдету мақсатында көше атаулары көрсетілген жаңа бағыттаушы белгілер орнатылуда.
Қазіргі таңда бұл жұмыстар қаланың негізгі магистралды көшелерінің қиылыстарында жүргізіліп жатыр. Жоба аясында жыл соңына дейін барлық басты қиылыстарды толық қамту жоспарланған.
Жаңа сілтегіштер қала тұрғындарына ғана емес, шаһарға келген қонақтар мен туристерге де бағыт-бағдарды оңай анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл жаңашылдық – Шымкенттің заманауи келбетін айқындайтын және қала инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Шымкент қаласында көлік қозғалысын оңтайландыру және жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, бірқатар көшенің қиылыстарында көлік кептелісін болдырмау мақсатында бағдаршам нұсқауларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда:
• Темірлан тасжолы мен Мангельдин көшесінің,
• Темірлан тасжолы мен Қожанов көшесінің,
• Т.Рысқұлов пен Б.Момышұлы көшесінің қиылыстарындағы бағдаршамдағы қосымша секциялар жасыл түсті «(+)» белгісі бар бағдаршамдарға ауыстырылды.
Бұл өзгерістер көлік қозғалысын реттеп, қиылыстардағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, А-2 тасжолында жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі. 2025 жылғы 12 қарашадан бастап 22 қарашаға дейін Бозарық айналмасынан Тұран шағынауданындағы Қожаберген жырау көшесіне дейінгі аралық жабылады. Осыған байланысты жүргізушілерге жол бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.
Бұдан бөлек, Ю.Сареми және Жаңақұрылыс көшелерінде де жөндеу жұмыстары басталып, 11 қарашадан бастап 1 аптаға дейін көлік қозғалысы кезең-кезеңімен шектеледі.
Жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазыбек би және Адырбеков көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдеріне, сондай-ақ Желтоқсан мен Қабанбай батыр көшелерінің бөлу жолағына жарық шағылыстырғыш (катафот) элементтері орнатылды. Бұл жұмыстар қала бойынша кезең-кезеңімен жалғасын табады.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, жол қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.













Comments