Бүгін Шымкент қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті жалпықалалық тазалық шарасы ұйымдастырылды. Аталған шара қаланың барлық аудандарында – Абай, Әл-Фараби, Еңбекші Қаратау және Тұран аумақтарында өтті. Бұл жолғы іс-шаралар «Таза бейсенбі» акциясы аясында ұйымдастырылып, оған мыңдаған тұрғындар мен қоғамдық ұйым өкілдері, коммуналдық қызмет қызметкерлері, партия мүшелері мен жастар белсене қатысты. Қала тұрғындары өз көшелерін, аулаларын және қоғамдық аймақтарды тазалауға жұмыла кірісіп, ортақ іске үлес қосты.
Әл-Фараби ауданында сенбілік өткізу игі дәстүрге айналған. Мұнда тазалық жұмыстары апта сайын тұрақты түрде жүргізіледі. Бүгінгі шара Сәуле шағын ауданында өтті. Тұрғындар мен коммуналдық қызмет өкілдері көпқабатты үйлер мен жеке сектор аумақтарындағы қоқыстарды жинап, көшелерді ретке келтірді.
Сонымен қатар, аудан аумағында соңғы уақытта 400-ге жуық ағаш отырғызылған. Бұл жұмыстар тұрғындардың өтініштері негізінде жүзеге асырылуда.
Еңбекші ауданындағы сенбілік Жібек Жолы көшесіндегі №54 көпқабатты үй ауласында өтті. Іс-шараға AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалының өкілдері қатысып, тұрғындармен бірге аула мен көше бойындағы тұрмыстық қалдықтарды жинады, қураған шөптер мен бұтақтарды шауып, ағаштардың түбін әктеді.
Қаладағы жаңа әрі қарқынды дамып келе жатқан Тұран ауданында өткен сенбілік ерекше сипатқа ие болды. Мұндағы іс-шарада аудан жастары мен ардагерлер ерекше белсенділік танытып, тұрғындармен бірге аумақты тазалады.
Сенбілік барысында жапырақтар жиналып, арықтар мен ирригациялық жүйелер тазартылды, ағаштар мен бұталарға санитарлық күтім жасалды.
Сондай-ақ, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы мен мектептер де акцияға қатысып, экологиялық тәрбие бағытында дәрістер өткізді. Мектептерде оқушыларға табиғатты қорғау және қалдықтарды сұрыптау мәселелері түсіндірілді.
Атап айтқанда, №59 жалпы орта мектепте экологиялық тақырыптағы ашық сабақтар өткізілді. Оқушылар экология мәселелеріне арналған түрлі іс-шараларға белсенді қатысып, «Таза қала» атты дәрістер барысында табиғатты аялаудың маңыздылығы мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың қажеттілігі туралы мол мағлұмат алды.
Өз кезегінде қала әкімдігі тұрғындарды өз аулаларын таза ұстауға, қоғамдық орындарда тәртіп пен тазалықты сақтауға және қаланың көркеюіне үлес қосуға шақырады.
Бүгін өткен ауқымды сенбіліктер нәтижесінде Шымкенттің барлық аудандарында көшелер мен аулалар, қоғамдық аймақтар мен демалыс орындары ретке келтірілді. Қаланың экологиялық ахуалына оң әсер еткен бұл шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.













Comments