Әл-Фараби ауданы әкімдігі тұрғындар мен мемлекеттік мекемелердің қатысуымен тазалық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық сананы арттыру бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бастамалар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарына сәйкес жүзеге асып, аудан тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға және экологиялық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған.
Аудан аумағында тұрақты түрде «Бірге таза Шымкент!», «Таза қала – таза болашақ» атты экологиялық акциялар мен сенбіліктер өткізіледі. Бұл шараларға аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, коммуналдық кәсіпорындар, жастар ұйымдары мен тұрғындар белсене қатысады.
Нәтижесінде аудан көшелері мен көпқабатты үйлердің аулалары тазартылып, жасыл желек аумағы кеңейтілуде. Қоқыс үйінділері жойылып, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және сұрыптау жұмыстары жолға қойылған. Сонымен қатар, көгалдандыру акциялары аясында ағаш пен гүл көшеттері отырғызылып, тұрғындардың экологиялық белсенділігі арта түсті.
Аудан әкімдігі тарапынан тұрғындармен және мемлекеттік қызметшілермен ақпараттық-түсіндіру кездесулері жиі өткізіледі. Онда қоршаған ортаны қорғау, қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және тазалықты сақтау мәдениеті туралы нақты мәліметтер беріледі.
Әкімдіктің ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде мемлекеттік және орыс тілдерінде экологиялық мәдениетті насихаттайтын материалдар, бейнероликтер мен жаңалықтар тұрақты түрде жарияланып, тазалық пен тәртіптің маңызын кеңінен түсіндіру жүзеге асырылады.
Мектептер мен колледждерде экологиялық тақырыптағы ашық сабақтар мен экосағаттар ұйымдастырылып, жастардың табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға көңіл бөлінуде. Ал мемлекеттік мекемелерде ұжымдық деңгейде тазалық акциялары өткізіліп, қызметкерлер өз жұмыс орындары мен мекеме аумақтарының санитарлық тазалығын сақтауға атсалысады.
Аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар тұрғындардың экологиялық ой-санасын күшейтіп, ортақ жауапкершілік қағидасын нығайтты. Тазалық мәдениеті күнделікті өмір салтына айналып, мемлекеттік мекемелер мен тұрғындардың өзара ынтымақтастығы нәтижесінде ауданның санитарлық жағдайы мен экологиялық ахуалы жақсарып келеді.
Әл-Фараби ауданы әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып, экологиялық тұрақтылық пен қала тазалығын сақтауда үлгі боларлық тәжірибе қалыптастыруды көздейді.













Comments