Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.
Өткен аптада Шымкент қаласында тергеу органдары 179 қылмыстық істі тіркеп, оның 3-ін сотқа жолдады. Ең жиі тіркелген қылмыстар — алаяқтық (63 іс), ұрлық (44), есірткі айналымы (11) және жол-көлік оқиғаларына қатысты істер (9).
Алаяқтықтың негізгі түрлері интернет арқылы жасалған: тауар жарнамасы (16), жалған инвестиция (4), өздерін банк не мемлекеттік қызметкер ретінде таныстыру (12), несие рәсімдеу (4), коммуналдық қызмет өкілдері атынан қоңырау шалу (6).
Мысалы, белгісіз адам өзін салық қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерден 600 мың теңге иемденген.
Өткен аптада қалада тіркелген қылмыстардың көбісі интернет алаяқтығымен және жол-көлік оқиғаларымен байланысты болды. Бұл көрсеткіш тұрғындардың цифрлық алаяқтыққа жиі ұшырағанын айғақтайды.
Әсіресе, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер саны артқан. Осыған орай, мамандар алаяқтар өздерінің құрбандарын әртүрлі жолмен, түрлі жағдайлармен алдауға тырысатынын атап өтті. Мысалы, тауар жарнамалары арқылы алдау, жалған инвестициялық ұсыныстар немесе банк қызметкері болып, жеке деректерді сұрау жағдайлары жиі тіркелуде.
Сонымен қатар, алаяқтардың коммуналдық қызмет немесе несие рәсімдеуге қатысты жалған қоңыраулармен де әрекет ететіндігі анықталған. Мұндай жағдайлар азаматтарды үлкен қаржылық шығындарға ұшыратып, сенімсіз интернет платформалар мен беймәлім жеке тұлғалардан сақ болуды қажет етеді.
Азаматтарға берілетін негізгі ескерту — ешбір жағдайда өз банк карталарын бөгде адамдарға бермеу. Өйткені, осындай жағдайлардың салдарынан алаяқтар түрлі қылмыстық әрекеттерді жүзеге асырады. Мысалы, жақында бір азамат өз картасын танысына уақытша беріп, алаяқтар оны есірткі саудасымен айналысу үшін пайдаланған. Бұл оқиға интернет алаяқтықтың қауіптілігін ғана емес, сондай-ақ, жеке қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді.













Comments