Жаңалықтар

Мінездің мәні — елдік рухтың өзегі

Қазақ халқының тарихында ел болашағын ойлап, ұлттың тәуелсіздігі мен өркендеуіне бар ғұмырын арнаған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – ұлт көсемі, Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан. Оның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі ұрпақ санасына бағыт беретін, бүгінгі күнге дейін маңызын жоймаған ұлағатты өсиет.

Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі жастардың бір бөлігі бұл сөздің терең мазмұнын толық түсіне бермейді. Кейде «мінез» дегенді дөрекілік, қиқарлық немесе өзімшілдік деп қабылдайтындар бар. Олар мінезді — қарсы келгеннің бетін қайтарып, сөзге тоқтамау, өз пікірін тықпалау деп түсінеді. Ал шын мәнінде, Әлиханның айтып отырған мінезі — рухани биіктік, ар-намыс пен адамдық парасаттың үйлесімі.

Әлихан Бөкейхан үшін мінез — туған халқының тағдырына адал болу, әділдік жолында тайсалмау, өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қою деген ұғым. Мұндай мінез — ұлттың ұлы қасиеттерінен, ата дәстүрінен, қазақы тектіліктен бастау алады. Ол мінез — сыртқы айқай емес, ішкі сабыр мен рухани беріктік.

Мысалы, Әлихан мен оның серіктері Алаш қозғалысы кезінде отарлық қысым мен қауіп-қатерге қарамастан, халықтың ертеңі үшін күресті. Бұл — мінездің ең биік көрінісі. Себебі шынайы мінез — білімді, зерделі адамға бағыт береді. Білімсіз мінез надандыққа ұрындырады, ал мінезсіз білім — жалаң ақыл ғана.

Туған жер мен өскен ортаның рухы, ата-ананың тәлім-тәрбиесі де мінездің қалыптасуына ерекше әсер етеді. Қазақтың «Жігіттің мінезі — елінің айнасы» деуі тегін емес. Елінің болмысын бойына сіңірген адам ғана ұлтына адал қызмет ете алады.

Сондықтан бүгінгі жастар үшін Әлихан сөзі — үлкен сабақ. Мінез дегеніміз — тектілік пен — жауапкершілік, сабыр мен қайсарлықтың бірлігі. Ол — ұлтқа деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі.

Ұлтқа қызмет ету — айқаймен емес, ізгі іспен, адалдықпен және мінезбен өлшенеді. Әлихан Бөкейхан айтқандай, мінезі берік, ұстанымы мықты ұрпақ қана елдің ертеңін жарқын ете алтыны сөзсіз.
Қобланды АБЕНОВ

Қазақстан мен әлемнің жетекші университеттері стратегиялық серіктестікті нығайтуда

Алдыңғы

ЦИФРОВИЗАЦИЯ – ОСНОВА УСТОЙЧИВОГО РАЗВИТИЯ КАЗАХСТАНА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *