Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде салынатын құрылыс нысандарының сәулеттік жобаларына арналған кеңес отырысы өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері, сәулет және қала құрылысы саласының мамандары, сондай-ақ жеке инвесторлар қатысты.
Кеңестің негізгі мақсаты – Түркістан облысының сәулеттік бейнесін жүйелі дамыту, жаңа құрылыс нысандарының өңірдің бірегей дизайн кодына сәйкестігін қамтамасыз ету және ұлттық нақышты заманауи талаптармен ұштастыру.
Жиында Түркістан қаласы мен аудандарда бой көтеретін бірқатар әлеуметтік, мәдени және коммерциялық нысандардың жобалары таныстырылды. Әкім облыстың бас жоспарында белгіленген сәулеттік стандарттарды сақтау, қала мен аудан орталықтарындағы көше келбетін көркейту, құрылыс сапасына және абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
– Түркістан – еліміздің рухани орталығы әрі тарихи қала. Сондықтан мұнда салынатын әрбір нысанның сәулеттік шешімі аймақтың келбетіне, мәдениетіне және тарихи болмысына үйлесуі тиіс. Әрбір жоба ұлттық нақышта, экологиялық тұрғыда тиімді әрі заманауи болуы маңызды, – деді аймақ басшысы.
Кеңесте Түркістан қаласындағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалар талқыланды. Атап айтқанда, Тәуке хан даңғылы мен Байбұрт көшесін байланыстыратын жаңа көлік желісінің сәулеттік шешімі ұсынылды. Сонымен қатар Рәміздер алаңының жаңа жобасы, Әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеретін мейрамхана мен қонақ үй кешенінің сыртқы бейнесі көрсетілді.
Бұдан бөлек, аудандық деңгейде де бірқатар ұсыныстар қаралды. Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов елді мекенінің орталық көшесін абаттандыру, ғимараттардың қасбеттерін біріздендіру және көше бойындағы жарықтандыру мен көгалдандыру жүйесін жаңарту мәселелері қозғалды. Иірсу елді мекенінде аллея мен қарау алаңын салу жобасы да таныстырылды.
Созақ ауданында орналасқан «Баба Түкті Шашты Әзіз» кесенесінің аумағын абаттандыру, зияратшыларға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру және көгалдандыру жұмыстарын жетілдіру жобасы жеке қаралды. Сондай-ақ Шолаққорған елді мекенінің орталық көшесінің сәулеттік келбетін жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, ғимарат қасбеттерін ұлттық нақыштағы элементтермен безендіру мәселелері пысықталды.
Кеңес барысында сәулетшілер мен жобалаушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Аймақ басшысы нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын жетілдіру, құрылыс барысында сапаны қатаң қадағалау және мердігерлердің жауапкершілігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жиын қорытындысында өңірдің сәулеттік келбеті мен құрылыс мәдениетін арттыру бағытында кешенді шаралар қабылданатын болды. Облыс әкімінің айтуынша, Түркістан өңірінде жүзеге асырылатын әрбір жоба өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтай отырып, заманауи қала құрылысының үздік тәжірибелеріне сүйенуі тиіс.












Comments