Шымкентте «Мен донормын» атты қайырымдылық акциясы өтті. Қан тапсыруды насихаттауға бағытталған бұл шараға 50-ден астам ерікті жас қатысып, Қалалық қан орталығына жиналды.
Игі істі ұйымдастыруға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мұрындық болды. Акцияның басты мақсаты – жастар арасында донорлық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарудың маңызын түсіндіру.
Қан тапсыру – тек медициналық емес, адамгершілік тұрғыдан да жауапты іс. Бір адамның берген қаны екінші бір жанның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Қан тапсыру процесі қатаң медициналық бақылау арқылы жүргізілді. Алдымен донорлар арнайы тексеруден өтіп, қан қысымы, гемоглобин деңгейі және жалпы денсаулық жағдайы зертханалық жолмен анықталды. Барлық талаптарға сай келген жастар өз қандарын тапсырып, өзгеге өмір сыйлау мүмкіндігіне ие болды.
Қалалық қан орталығының донорлармен толықтыру бөлімшесі меңгерушісі Ербол Тастанов донор болудың тек қоғам үшін ғана емес, адамның өз денсаулығы үшін де пайдалы екенін атап өтті.
– Орталығымыз 43 мекемені қан және қан компоненттерімен қамтамасыз етіп отыр. Бізге күніне 100-ден аса донор келеді. Тұрақты келіп тапсырып тұратын донорларымыз да бар. Қан тапсыру – бұл адам ағзасына белгілі бір дәрежеде физиологиялық сергітуші әсер береді. Әр 3–4 ай сайын қан өткізген адамның қан айналым жүйесі жаңарып, сүйек кемігі жаңа қан жасушаларын белсенді түрде өндіре бастайды. Бұл иммундық жүйені күшейтіп, ағзаны жасартуға ықпал ететін табиғи процесс, — дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, үнемі қан тапсырып тұратын адамдарда жүрек-қан тамыр аурулары мен тромб түзілу қаупі төмендейді. Сондай-ақ қандағы темір деңгейі теңестіріліп, зат алмасу үдерісі жақсарады
Мұндай акциялар жастардың қайырымдылыққа деген құштарлығын арттырып, қоғамдағы жауапкершілікті сезіндіреді. «Мен донормын» сияқты бастамалар өмірді құтқаруға атсалысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, донорлық мәдениетті қалыптастыру арқылы ел азаматтарының бір-біріне көмек көрсету дәстүрін нығайтады.













Comments