Спорт

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Бахрейнде өтіп жатқан ІІІ жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында шымкенттік спортшылар оң нәтижелерге қол жеткізуде. Алтын медаль иеленген Максим Сажнев пен қола жүлдегер Ольга Изюмникованы теміржол вокзалынан жерлестері зор қошеметпен күтіп алды. Іс-шараға №2 жеңіл атлетика және велоспорт мектебінің басшылығы, жаттықтырушылар, спорт жанкүйерлері қатысты.

Ерлер арасында өткен диск лақтыру жарысының финалында, Қазақстан Ұлттық құрама сапында сайысқа түскен қалалық №2 жеңіл атлетика және велоспорт мектебінің спортшысы Максим Сажнев 63,23 метр нәтижемен алтын медаль жеңіп алды. Жерлесіміз қарсыластарын айқын басымдықпен артта қалдырды. Бұл көрсеткіш – жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жаңа рекорды. Бұған дейінгі үздік нәтиже 62.03 метр болатын.

Бұған дейін Максим U-18 жас санатында Қазақстан рекордын жаңартып, 38 жыл бойы жаңаланбаған Виктор Горелышевтің жетістігін артта қалдырған еді. Сол кезде ол дискіні 59,71 метрге дейін лақтырып, жаңа ұлттық рекорд орнатқан болатын. Сондай-ақ, Ұлттық құрама сапында сайысқа түскен №2 жеңіл атлетика және велоспорт мектебінің спортшысы Ольга Изюмникова биіктікке секіруден 1.65 метр нәтижемен қола жүлдегер атанды.

Іс-шарада жасөспірімдер арасында Азия ойындарының жүлдегерлері мұнымен тоқтамайтынын, келесі жауапты бәсекелерге тыңғылықты дайындық жүргізетінін атап өтті.

Бұл жетістіктер Шымкенттің спорт саласындағы жоғары деңгейде дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Максим Сажнев пен Ольга Изюмникова сияқты талантты спортшылар тек өздерінің облысын емес, бүкіл Қазақстанды мақтанышқа бөлеп отыр. Жүлделі орындар алумен қатар, олар жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында еліміздің абыройын арттыруда үлкен үлес қосуда.

Сонымен қатар, аталған жарыстар спортшылардың өздеріне деген сенімділігін арттырып, алдағы халықаралық бәсекелерге дайындықты күшейтеді. Осылайша, Шымкент қаласының спорт мектептері өз түлектерін жоғары нәтижелерге жетелеп, болашақта тағы да көптеген жүлделі орындарды жеңіп алатынына сеніміміз мол.

 

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА БИЫЛ 35 МЫҢНАН АСА КӨШЕ ШАМЫ ОРНАТЫЛДЫ

Алдыңғы

КЕМЕР АУЫЛЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ НАЗАРДА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *