Бүгін Шымкент қаласындағы көркем гимнастика спорт кешенінде көпшілік асыға күткен «Шымкент қаласы Әкімінің Кубогы» халықаралық турнирі өз жалауын көтерді. Әсемдік пен үйлесімділікті, сұлулық пен шеберлікті ұштастырған бұл додаға еліміздің Астана, Алматы, Тараз және Шымкент қалаларынан бөлек, көршілес Өзбекстанның Самарқанд пен Навои қалаларынан келген спортшылар қатысуда.
Байрақты бәсекеге 600-ден астам гимнаст қатысып, жеке бағдарлама мен топтық жаттығулар бойынша өз өнерін паш етті. Жарыстың ашылу салтанатына спорт сүйер қауыммен бірге құрметті қонақтар Шымкент қаласының көркем гимнастика федерациясының президенті Муслим Пашшаұлы Шаназаров және «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлы қатысты.
Іс-шараның бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Лола Төлеубаева спортшылардың өнерін әділ бағалайтын болады. Салтанатты ашылу сәтінде сөз алған федерация президенті Муслим Шаназаров көркем гимнастиканың Шымкент қаласында серпінді дамып келе жатқанын атап өтті.
– Соңғы жылдары көркем гимнастикаға қызығушылық артып келеді. Жыл сайын жаңа есімдер мен талантты бүлдіршіндер пайда болуда. Бұл турнир – сол дарынды спортшыларды анықтап, ел чемпионатына жолдама беретін маңызды кезең. Ең мықтыларды іріктеп, еліміздің атын халықаралық деңгейде танытатын болашақ чемпиондарды тәрбиелеу – біздің ортақ мақсатымыз, – деді ол.
Бүгінде қалалық көркем гимнастика спорт мектебінде 40 жаттықтырушы-хореографтың жетекшілігімен 400-ден астам бала тұрақты түрде дайындалып жүр. Бұл – қаладағы спорт инфрақұрылымының дамуы мен балалар спортына жасалып отырған қолдаудың айқын көрінісі. «Шымкент қаласы Әкімінің Кубогы» турнирі бірнеше күнге жалғасып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы Қазақстан чемпионатында ел намысын қорғауға мүмкіндік алады. Көрермендер нәзіктік пен шеберліктің биігін көрсеткен гимнаст қыздардың өнерін тамашалап, жас спортшыларға сәттілік тілеп тарқасты.














Comments