Бүгін Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Грузин этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Республика күніне арналған «Біздің күшіміз – бірлікте!» атты халықтар достығы фестивалі өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы, қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Амзеева, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Фестиваль Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Сахна төріне көтерілген Грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Заал Бочоришвили және этнос өкілдері барша қатысушыларды ұлттық мерекелермен құттықтап, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің маңыздылығын атап өтті.
– Бұл фестиваль – біздің елдегі бейбіт өмірдің, бір-бірімізге деген құрмет пен түсіністіктің көрінісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бірлікті сақтауда және нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Бүгінгі мереке – ортақ Отанымыздың тұтастығын сезінудің айқын сәті, – деді Айгүл Амзеева.
Фестиваль аясында көрермендерге этнос өкілдерінің әндері мен билері, ұлттық өнер мен дәстүрлері ұсынылды. Сонымен қатар, концерт барысында грузин халқының ұлы суретшісі Нико Пиросманишвили мен белгілі ақын Булат Окуджаваға арналған музыкалық композициялар орындалып, олардың рухани мұрасына тағзым етілді. Фестиваль соңында барлық қатысушылар «Жерім менің» әнін орындап, достық пен бірліктің әнін әуелетті.
«Біздің күшіміз – бірлікте!» фестивалі Шымкент қаласының көпұлтты және көпмәдениетті бейбіт өмірін, халықтар арасындағы ынтымақтастық пен өзара құрметті дәріптейтін ерекше шара болды. Іс-шара барысында әртүрлі этностардың өнерін паш етіп, Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің арасындағы тығыз қарым-қатынастың және халықтар достығының маңызды екенін тағы да айқындады. Фестиваль тек мәдени шара ғана емес, сонымен қатар еліміздің бірлігін, тұтастығын, жалпы алғанда Қазақстан халқының көпұлтты қоғамда бірлесіп өмір сүретінін көрсететін қуатты символ болды.
Бұл күн әрбір қатысушыға ортақ құндылықтар мен мақсаттарға деген құрметті арттырды. Фестиваль көрермендерге тек өнердің ерекше үлгілерін ұсынумен шектелмей, Қазақстандағы бірліктің негіздерін, халықтар арасындағы татулықты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін сезіндіруге мүмкіндік берді. Мерекенің соңында ортақ мақсатқа бағытталған достық пен бірлікке толы әннің шырқалуы барлық қатысушыларға қуаныш сыйлады.














Comments