Спорт

Бас жүлде – автокөлік: 40 финалист асық ату турнирінде бақ сынайды

2025 жылғы 25 қазанда Шымкент қаласында ұлттық спорттың ең көне
түрлерінің бірі – асық ату бойынша Respublica Asyq Atu екінші республикалық турнирі өтеді. Бұл дода еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік спортшыларды біріктіріп, ұлттық дәстүр мен заманауи спорттың тоғысқан мерекесіне айналмақ.
Respublica Asyq Atu турнирі алғаш рет 2024 жылы Астанада өткен болатын.
Биыл өңірлік кезеңдерге шамамен 2000 адам қатысып, олардың ішінен ең мықты 40 ойыншы финалға жолдама алды. Турнир ұлттық спортқа жаңа серпін беріп, асық ату жастарды біріктіретін және әділ бәсекенің үлгісін көрсететін спорт түрі екенін дәлелдеді.
«Республика күні қарсаңында осы күнге ерекше ұлттық реңк пен мерекелік көңіл-күй бергім келеді. Бұл мереке тек Наурызбен ғана емес, жыл бойы біздің мәдениетіміз бен құндылықтарымызды дәріптейтін күн ретінде есте қалуы тиіс. Сол себепті біз Respublica Asyq Atu турнирін биыл да дәстүрлі түрде 25 қазанда өткізуді жөн көрдік.
Осы күні Шымкентте еліміздің барлық өңірінен келген 40 үздік асықшы бас қосып, бірліктің, рухтың және намыстың символына айналады», – деді Асық ату спорт федерациясының президенті, ҚР Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков.
Биылғы турнирдің астанасы – Шымкент қаласы. Бұл қала ұлттық спорттың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан өңір ретінде танымал. 2024 жылы дәл осы өңірдің өкілдері жоғары нәтиже көрсетіп, бас жүлде – автокөлікті шымкенттік спортшы жеңіп алған болатын. Сондықтан биылғы турнирді оңтүстік астанада өткізу – өңірдің ұлттық спортты дамытудағы еңбегін мойындау және дәстүр сабақтастығын сақтау қадамы болып табылады.
Respublica Asyq Atu турнирі тек спорттық жарыс қана емес, бүкіл отбасыға арналған мәдени бағдарлама түрінде ұйымдастырылады:
● еліміздің үздік ойыншылары қатысатын финалдық ойындар;
● танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдардың концерті;
● ұлттық спорт түрлерінен шеберлік сабақтары және қолданбалы өнер
жәрмеңкесі өтеді.
Бұл шара қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз мерекеге айналады.
Жеңімпаздардың жүлде қоры төмендегідей:
1-орын – автокөлік
2-орын – 1 000 000 теңге
3-орын – 500 000 теңге
Арнайы жүлде – 300 000 теңге
Өтетін күні: 25 қазан 2025 жыл
Басталу уақыты: 11:00
Өтетін орны: Шымкент қаласы, Жеңіл атлетика спорт кешені
БАҚ-пен байланыс үшін: +7 (702) 667 07 00 – Айдана; +7 (701) 999 28 19 – Іңкәр.

«НАМЫСЫҢ БОЛСЫН НАЙЗАДАЙ»: БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ БАҚТИЯР ТАЙЖАННЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Алдыңғы

25 ҚАЗАН – РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА МЕРЕКЕЛІК ЖИНАЛЫС ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *