Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында кешенді абаттандыру және инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар аулалардағы жолдардың сапасын жақсарту, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету, сондай-ақ, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
Жол жөндеу, жамау және асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу арқылы ауладағы көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдайлар туғызылуда. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жолдардың күтімін оңтайландырып, аулалардың көркін арттыруға ықпал етуде.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы ирригациялық арықтарды орнату жұмыстары да белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл жүйелер ауладағы су өткізгіштікті арттырып, жауын-шашын кезінде артық судың жиналып қалуына жол бермейді. Арық жүйесін жаңарту жұмыстары суару жүйелерін жақсарту мен жалпы абаттандыру жобаларының толық жүзеге асырылуына бағытталған. Әрбір ауланың қажеттіліктері ескеріле отырып, осы жұмыстардың тиімді жүзеге асуы үшін арнайы мамандар тартылуда.
Барлық атқарылып жатқан жұмыстар «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде және бұл жұмыстардың жалғасуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес қосатындығы атап өтілді. Алдағы уақытта да абаттандыру мен инфрақұрылымды жақсарту бағытында жаңа жобалар іске асырыла береді.
Жоспарға сәйкес, абаттандыру жұмыстары тек жолдар мен арық жүйелерімен шектелмей, балалар алаңдары мен демалыс орындарын жаңарту, жасыл желектер отырғызу, көше жарықтандыру жүйелерін жетілдіру шараларын да қамтиды. Мұның бәрі тұрғындардың өмір сапасын арттырып, әлеуметтік тұрғыда қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Ауданның инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарын жалғастыру арқылы Әл-Фараби ауданы Шымкент қаласының ең дамыған және жайлы аймақтарының бірі болуға ұмтылуда.













Comments