Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІК БАЛУАН МАРАТ БАЙҚАМҰРОВ– «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ – 2025» ТУРНИРІНДЕ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен өткен дәстүрлі XV республикалық «Қазақстан барысы – 2025» турнирінде Шымкент қаласының намысын қорғаған балуан Марат Байқамұров жеңімпаз атанды.

Финалдық белдесуде ол Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаевпен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұған дейін Марат бес қарсыласын тізе бүктіріп, финалға жол ашқан болатын. «Найман» лақап атымен танылған спортшы шешуші сында да қарсыласына мүмкіндік бермей, алтын белбеу мен «Қазақстан барысы» атағын иеленді.

Бұл жеңіс – Шымкент спорты үшін тарихи жетістік. Себебі «Қазақстан барысы» турнирінің тарихында алғаш рет Шымкент қаласынан шыққан балуан чемпион атанып отыр. Айта кетейік, 2024 жылы дәл осы жарыстың финалында Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаев шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты жеңген болатын. Биыл Марат Байқамұров сол кеткен есені қайтарып, қала спортсүйер қауымына зор қуаныш сыйлады.

Марат Байқамұровтың жеңісі – тек спорттық аренадағы жеңіс қана емес, ол Шымкент қаласындағы спорт саласының дамуына тың серпін беретін оқиға. Бұл жетістік қаламыздың талантты балуандары мен спортшыларын жаңа биіктерге жетелеуге ықпал етіп, жастарға үлкен мотивация сыйлайды. Мараттың қажырлы еңбегі мен табандылығы әрдайым үлгі болып қала береді, ал оның чемпион атануы еліміздегі қазақ күресінің болашағына да оң әсерін тигізеді. Айта кетерлігі, бұл оның «Қазақстан барысы» турниріне үшінші рет қатысуы және ең сәтті көрсеткіші болып отыр.

Алдағы уақытта Марат Байқамұровтың жетістіктері Шымкент қаласындағы спорт мектебінің және жаттықтырушылар құрамының кәсібилігін дәлелдейтін үлкен көрсеткіш болады. Бұл жеңіс Шымкенттің спорттық әлеуетінің жоғары екенін, сондай-ақ жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімділік ұялатады. Сонымен қатар, оның жеңісі жаңа чемпиондардың шығуына жол ашып, қаладағы спорт инфрақұрылымының одан әрі дамуына септігін тигізеді.

Бұл жетістік қаладағы спорттық инфрақұрылымның, жаттықтырушылардың және спортшылардың үздіксіз еңбегінің нәтижесі болып табылады. Жас өрендер үшін тамаша үлгі боларлықтай жағдай.

ДӘРІГЕРЛЕР СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН МОЙА-МОЙА АУРУЫНА ШАЛДЫҚҚАН БАЛАҒА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ ТҰМАУ МЕН ЖРВИ-ДІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *