ЖаңалықтарМәдениет

ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ БІРҚАТАР МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАР ӨТЕДІ

25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Шымкент қаласында кең ауқымды мәдени және патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мерекелік бағдарламалар 24 қазан күні басталады. Сағат 16:00-де «Қызғалдақ» сарайында салтанатты ресми жиын өтеді. Іс-шара барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталады.

25 қазан күні сағат 10:00-де «Шымсити» саябағында орналасқан Ту тұғырында Ту көтеру рәсімі өтеді. Сол күні сағат 10:00-ден 14:00 аралығында «Астана» алаңында Республика күніне арналған кең көлемді жалпы халықтық мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бағдарлама барысында қалалық қуыршақ театры мен Шымкент циркінің әртістері көрермендерге өз өнерін ұсынса, ұлттық салт-дәстүрге негізделген театрландырылған көріністер мен дәстүрлі әншілер шеруі өткізіледі. Сонымен қатар, Отандық баспа үйлерінің қатысуымен кітап жәрмеңкелері мен тақырыптық көрмелер өтеді. Көрмеде қала тұрғындары мен қонақтары тарихи және мәдени мазмұндағы басылымдармен танысып, жаңа әдебиеттермен сусындауға мүмкіндік алады.

Кешкі сағат 19:00-де қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық аспан астында ауқымды мерекелік гала-концерт ұйымдастырылады. Концертте еліміздің және қаламыздың танымал өнер жұлдыздары – Ғазизхан Шекербек, Ұшқын Жамалбек, Мадина Сәдуақасова, Еңлік, Әсет Есжан, сондай-ақ «Заман» және «Жігер» топтары өнер көрсетеді.

Республика күні – ел бірлігі мен тәуелсіздігін дәріптейтін мерейлі мереке. Шымкент қаласында өтетін мерекелік іс-шаралар тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй мен патриоттық рух сыйламақ.

Шымкентте Республика күніне арналған іс-шаралар қаланың мәдени өміріне ерекше жаңалық әкеліп, тұрғындардың ұлттық құндылықтар мен ел бірлігін терең түсінуіне ықпал етеді. Мұндай ауқымды мерекелік бағдарламалар тек патриоттық сезімді оятып қана қоймай, мәдениет, өнер және әдебиет салаларындағы жетістіктерді көрсетуге мүмкіндік береді. Ту көтеру рәсімі мен салтанатты жиындар халықты елінің тарихы мен жетістіктеріне құрметпен қарауға шақырады. Ал мерекелік концерт пен театрландырылған көріністерді тамашалау, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше әсер сыйлап, баршаны бірлікке, татулыққа үндейді. Бұл іс-шаралар Шымкенттің қоғамдық өмірін жандандырып, қала тұрғындарының бір-біріне деген құрметін, елге деген сүйіспеншілігін арттыра түспек.

ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛЕРГЕ 5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІНГІ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТАР ҰСЫНЫЛАДЫ

Алдыңғы

ДӘРІГЕРЛЕР СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН МОЙА-МОЙА АУРУЫНА ШАЛДЫҚҚАН БАЛАҒА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *