Жаңалықтар

СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК – БАРШАҒА ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Шомылу маусымында Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті бұқаралық ақпарат құралдарымен және әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізді.

Қала тұрғындарына арнап телеарналардан 54 сөз сөйлеу, баспасөз беттерінде 37 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 229 ақпараттық материал орналастырылды. Бұдан бөлек, қаланың ірі сауда орталықтары мен қоғамдық орындарындағы LED-экрандарда «Судағы қауіпсіздік» және «Жазғы кезеңдегі қауіпсіздік» тақырыбындағы бейнероликтер көрсетілді.

Қауіпсіздік шараларының аясында 195 рет рейд ұйымдастырылып, 38 мыңнан астам үгіт-насихат парақшалары таратылды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 412-бабы бойынша судағы қауіпсіздік ережесін бұзған 6 жеке тұлғаға жалпы сомасы 165 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Сонымен қатар, қала тұрғындарының мобильді телефондарына «112» қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жіберіліп отырды. Бұл шаралар азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға назарын арттыруға бағытталды.

Дегенмен, кейбір мәселелер әлі де өзекті. ТЖД мәліметінше, тұрғындардың ережелерге немқұрайлы қарауы, балаларды қараусыз қалдыру фактілері жиі кездеседі. Сондай-ақ, «Рахат-Бадам» демалыс орнында су аттракциондарының жағажайға тым жақын орналасуы қосымша қауіп тудыратыны айтылды.

Осыған байланысты Департамент тарапынан аудандық әкімдіктерге Бадам өзеніндегі шлюздерге бейнебақылау камераларын орнату мүмкіндігін қарастыруды және су аттракциондарын демалушылар аймағынан алшақ орналастыруды ұсынды.

Су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғынның қоғамдық жауапкершілігіне де байланысты. Су төңірегіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, әсіресе балаларды бақылаусыз қалдырмау, әрбір ата-ананың міндеті. Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті әкімдіктердің бірлескен жұмысы арқасында судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік туып отыр, бірақ әрбір адамның жеке жауапкершілігі де маңызды. Тек осылайша біз азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

Әрине, қауіпсіздік шараларын барынша кеңейту, бейнемониторинг жүйелерін орнату мен су аттракциондарын орналастыруда қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызы зор. Тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, әсіресе судағы қауіпсіздікке қатысты ақпараттық жұмыстарды үздіксіз жүргізу, жазғы маусымда болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу үшін өте маңызды. Осындай профилактикалық шаралар қоғамның барлық деңгейінде жауапкершілікті күшейтеді және болашақта суға қатысты жазатайым оқиғалардың санын азайтуға көмектеседі.

 

ШЫМКЕНТ: ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ БАСТАЛУЫНА ОРАЙ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Алдыңғы

ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ БОЙЫНША КЕШЕНДІ ШАРАЛАР СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *