Бүгін Әл-Фараби ауданы әкімдігінің ғимаратында Қоғамдық бақылау кеңесінің кезекті отырысы өтті. Аталған басқосу қоғамдық маңызы жоғары іс-шаралардың бірі болып, тұрғындардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін талқылауға арналды.
Жиынға Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Толегенов Сабит Толепбергенұлы, Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мырзагелдиев Батырбек Еркінбекұлы және Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Сонымен қатар, отырысқа жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен БАҚ қызметкерлері де шақырылды.
Отырыста аудан аумағындағы бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату, ирригациялық жүйелерді жүргізу, көше жолдарын асфальттау және өзге де инфрақұрылымдық мәселелер қаралды. Сондай-ақ, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту, санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарының жай-күйі де сөз болды.
Кеңес барысында көтерілген барлық ұсыныстар мен мәселелер хаттамалық тапсырма ретінде тіркеліп, олардың орындалу барысы тиісті мекемелердің тұрақты бақылауында болатыны атап өтілді. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңес мүшелері өзара тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп, нақты нәтижеге қол жеткізуге ниетті екенін білдірді.
Қоғамдық бақылау кеңесінің осындай отырыстары тұрғындардың пікірін тыңдап, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Қоғамдық диалог пен бірлескен әрекет арқасында жергілікті тұрғындар өз проблемаларын ашық түрде көтеріп, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан жылдам әрі нақты шешімдер қабылданады. Бұл тек ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға ғана емес, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғауға да үлесін қосады. Тұрғындардың сенімі мен билік арасындағы байланысты нығайту үшін мұндай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы өте маңызды.













Comments