МәдениетРуханият

ШЫМКЕНТТЕ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Сапар барысында ол еліміздің үшінші мегаполисіндегі Достық үйін аралап, жаңғыртудан өткен этномұражаймен танысты.

Марат Алмасұлы жергілікті этнос өкілдерінің қатысуымен жиналған көне жәдігерлерді тамашалап, мәдени мұраның жалпыұлттық бірлікті бекемдеудегі ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттар мен ұлыстардың тарихы мен мәдениеті ел бірлігінің берік іргетасына айналып үлгерді.

Сапар аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары жаңадан ашылған Community орталығында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық өкілдігінің белсенділерімен еркін форматта кездесті. Кездесу барысында жастар патриотизмді дамыту, мемлекеттік тілді дәріптеу бағытында атқарылған жобалар мен бастамалар туралы баяндап, өз ойларын ортаға салды.

Кездесуде қатысушылар Ассамблеяның қоғамдағы бірлік, білім, мәдениет пен ғылым салаларындағы үлесін талқылап, медиация және этномедиация бағыттарының маңызын атап өтті. Сондай-ақ «Қазақтану» жобасын кеңейтіп, оны «Елтану» жобасы ретінде дамыту ұсынылды. Бұл бастама ақпараттық, мәдени-ағартушылық және патриоттық бағыттарды қамтитын кешенді жоба болмақ.

Бұл кездесу барысында да бірқатар белсенді азамат марапаттарға ие болды. «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Рамазан Матаев пен «Шымкент қаласы өзбек этномәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Шухрат Рузметов Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» медалімен марапатталды. Сондай-ақ Жұмабек Тәшенов атындағы университеттің ректоры Қанат Байболов, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева және қалалық әзербайжан мәдени орталығының мүшесі Адиль Алиевке Ассамблеяның Алғыс хаты табыс етілді.

Жиынды қорытындылаған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қаладағы этномәдени бірлестіктердің ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайтуға қосып жатқан үлесі жоғары екенін жеткізді. «Шымкент қалалық Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің еңбегі зор. Олар қоғамдық келісім мен өзара құрметтің берік орнауына өз үлесін қосып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді», деді ол.

 

«АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» – ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ ДӘРІПТЕУДЕ АЛДЫҢҒЫ САПТА БОЛУЫ ТИІС

Алдыңғы

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ: КӨЛІК-ЛОГИСТИКА – ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *