Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары – Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы төмендегідей мәлімдеме жасады
Шымкент қаласында 2025 жылдың басынан бері жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ), тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты деңгейде сақталып отыр. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қалада 84 100 ЖРВИ жағдайы тіркелген, оның 65,8 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Тұмаудың 304 жағдайы анықталып, олардың тең жартысы А және В типтеріне тиесілі болды.
Сонымен қатар, тұмауға жатпайтын вирустардың 381 жағдайы зерттеліп, 267 жағдайында оң нәтиже тіркелді. Оның ішінде парагрипп, риновирус, аденовирус және коронавирус түрлері басым.
Қалада COVID-19 инфекциясының 94 дерегі тіркеліп, олардың барлығы симптоммен өткен. 14 жасқа дейінгі балалар үлесі – 44,6 пайыз. Барлық індет ошағында қажетті дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды.
ЖРВИ және тұмауға қарсы алдын алу жұмыстары күшейтілді. Жергілікті бюджет есебінен тәуекел топтарына арналған 150 мың доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынып, халықтың 12 пайызы егілді. Вакцинация 2025 жылдың 23 қыркүйегінен бастап жүргізілуде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, тұмауға қарсы екпе жүкті әйелдерге, медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, әскери қызметшілерге, сондай-ақ жүрек, тыныс алу жүйесі ауруларына шалдыққан және жасы 65-тен асқан адамдарға тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда қалада 31 264 тұрғын (оның ішінде 6 862 бала) екпе алған.
Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтауда қала тұрғындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарауы үлкен рөл атқарады. Вакцинация мен алдын алу шаралары – аурулардың таралуын тежейтін ең тиімді құралдар болып табылады. Сондықтан Шымкент қаласының санитарлық қызметтері азаматтарды уақытылы вакцина алуға, жеке гигиена талаптарын сақтауға және қоғамдық орындарда маска кию секілді қарапайым, бірақ маңызды ережелерді ұстануға шақырады.
Тек бірлесіп әрекет еткенде ғана қауіпті аурулардың алдын алып, қауіпсіз әрі дені сау қоғам қалыптастыра аламыз. Тұрғындардың денсаулығы – барлығымыздың ортақ міндетіміз!













Comments