Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық акциясы аясында республикалық Road-эстафетасын ұйымдастырды.
Аталған экологиялық эстафета 30 қыркүйекте Алматы қаласынан бастау алып, шамамен 800 шақырым жолды еңсеріп, Жамбыл облысы арқылы Шымкент қаласына жетті. Эстафета аясында жол бойында түрлі экологиялық шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға қоқыстың табиғатта ыдырау мерзімі туралы ақпарат берілді. Алғашқы үш күннің ішінде 600-ден астам ерікті қатысып, 90 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналды.
Жобаның басты ерекшелігі — тек санитарлық тазалықпен шектелмей, қоғамдық қабылдаулар өткізу, азаматтармен еркін пікір алмасу және тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру. Эстафета барысында қатысушылар «Ақыртас» кешені мен Сауран қалашығында сенбілік ұйымдастырып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Шымкент қаласында бастаманы жергілікті жастар жылы қабылдап, жоғары белсенділік танытты. Студенттер мен еріктілер қаланың әртүрлі аумақтарында тазалық жұмыстарына қатысып, гүл отырғызу және қалдықтарды сұрыптау шараларына атсалысты. Сонымен қатар, эстафета аясында экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған экоактивити жобалар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Қоқысты өткіз – сыйлық ал» акциясы арқылы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге тапсыру мәдениеті дәріптелді. Бұған қоса, экологиялық викториналар, қайта өңделген материалдардан бұйым жасау, гүл отырғызуға арналған шеберлік сағаттары өткізілді.
Гүл отырғызу бойынша өткен мастер-класқа Dasik_begonia және Gulhome.Store2 мекемелерінің бағбандары қатысып, жастарға өсімдіктермен жұмыс істеу бойынша тәжірибелерімен бөлісті.













Comments