Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты.
Атап айтқанда, әкім «Асар-2» шағынауданында салынып жатқан қоғамдық кеңістік құрылысымен танысты. Аумағы 2400 шаршы метрді қамтитын демалыс аймағында балалар және спорт алаңшалары қарастырылған. Жаңа демалыс орны жақын арада пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырма берілді.
Сапар барысында қала басшысы Әл-Фараби ауданында орналасқан «PHYTO-APIPHARM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де барды. Бұл кәсіпорын тағамдық және косметикалық өнімдер шығарады. Қазіргі уақытта мұнда 98 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшылығы жаңа өндіріс орнын салу жоспарын жеткізді. Жоба жүзеге асқан жағдайда өндіріс көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Әкім тиісті басқармаға бұл бастамаға қолдау көрсету туралы тапсырма берді.
Сондай-ақ қала әкімі психикалық денсаулық орталығының жұмысымен танысты. Аталған мекеме психиатриялық және наркологиялық көмек көрсетеді. Орталықта 485 төсек-орын қарастырылған. Жыл сайын 4 мыңнан астам науқас стационарлық ем алады.
Бұдан бөлек, әкім ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың қызметін бақылап шықты. Мұнда қала тұрғындарына АИТВ инфекциясын диагностикалау, емдеу және алдын алу шаралары жүргізіледі. Денсаулық сақтау басқармасына медициналық қызмет сапасын арттыру және мекеменің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту жөнінде тапсырма берілді.
Қаланың сыртқы келбетін жақсарту мақсатында Быковский көшесіндегі көпқабатты үйлердің қасбетін жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Бұл жұмыстар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, қала инфрақұрылымын дамытуға оң әсерін тигізеді. Әкім демеушілік және мердігерлік қолдау көрсеткен тараптарға алғысын білдірді.
Жұмыс сапары соңында Ғабит Сыздықбеков «Ордабасы» футбол клубының ашық жаттығуына қатысып, алдағы ойын қарсаңында командаға сәттілік тіледі. Атап айтқанда, «Ордабасы» клубы осы аптада Қызылорда қаласында өтетін Қазақстан Кубогының финалында «Тобыл» командасымен кездеседі. Әкім командаға қолдау білдіріп, ойынның қала және оның тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті.
Шымкент қаласының әкімі клубтың әрбір жетістігін қала халқының ортақ жеңісі деп бағалайтынын жеткізіп, футболшылардан жанкүйерлерді қуантатын тартысты әрі сапалы ойын күтетінін айтты.













Comments