Иә, рас айтам. Ол нені жазса да жүрекпен сезініп барып жазады. Ол үшін журналистика жай кәсіп емес, шындыққа қызмет етудің нағыз жолы.
Оның қай материалын оқысаңыз да, әділдікті ту етіп, ел мен қоғам алдындағы жауапкершілікті алдыңғы орынға қояды. Сондықтан да оның қай жазбасын оқысаңыз да, азаматтық үн мен журналистік мінез сезіледі.
Әрине, бұл кім деп отырған боларсыздар?
Бұл — еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар меншікті тілші, «Оңтүстік Қазақстан» мен «Шымкент келбеті» басылымдарын басқарған Бақтияр Тайжан. Ол талай шәкірт те тәрбиеледі. Әсіресе, «Егемен Қазақстан» газетінде жүргенде өңірдің тыныс- тіршілігін, әлеуметтік және мәдени өмірін терең зерттеп, мазмұнды мақалалар жариялады. Ол басшы болғанда да біреулердей ешқашан дікілдеп сөйлемеді. Өзіңмен ақылдаса отырып, тапсырма береді. Мұны «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Ордабасы ауданы мен Арыс қаласының меншікті тілшісі болып жүргенде талай рет байқадым. Әрқашан «Жазғанда елге айтар ойларың болсын» дейтін ол жиналыстарда.
Менің газетке меншікті тілші болып алғаш қызметке кіріскен кезім. «Не жазсам екен?» деп ойландым да, Ордабасы ауданындағы еңбектің қайнаған мекені Шұбарсуға бардым. Онда негізінен Өзбекстаннан келген, еңбек десе ішкен асын жерге қоятын қандастарымыз тұрады. Әкімшілікке соқпай, автобустан түсе сала дарбазасының есігі ашық тұрған үйге бас сұқтым. Мектеп жасындағы ұл мен қыз қарсы алды. Бірден көзіме түскені, шағын жылыжай. Ата-аналарын сұрап едім, «екеуі де үйде» деді де, әкелеріне хабар берді. Сонымен ішке кірдім. Олардың Өзбекстан Республикасының бір облысынан келгеніне биыл үшінші жыл екен. Көктемде келе сала үй тұрғызып, келер жылы қар кеткеннен тоғайдағы ағаштарды қырқып әкеліп, бес соттық жылыжай салады. Оған майда көкөністер: аскөк, кинза, ақжелкен, тағы басқа пайдалы өсімдіктер егеді. Оны маусымға дейін сатады. Сатқанда да осы Шымкенттегі университеттің бірінде оқитын үлкен ұлы ескі көк «Жигулимен» Шымкенттегі «Береке» базарына апарып, көтерме бағамен сатып кетеді екен. Сонда отағасының таң қала айтқаны: «Кей ауылдастарымның есігінің алдында қаншама жер бос жатыр. Бірақ көбі жаңадан мектеп бітірген балаларын Астанаға құрылысқа жіберуде. Алысқа бірден жібермей, қолдарында- ақ еңбекке тәрбиелеуге болады ғой. Жастар жақсы ортаға жолықса, мақұл. Бұзылғандарға жолықса ше, мен түсінбеймін,»- деді. Отағасы мен отанасының, бір студент пен үш оқушының, яғни бір отбасының еңбектің рәтін көріп отырғанын жазғанмын ғой сол кезде газетке. Осы бір отбасының еңбекқорлығын Бәкең студент жастармен өткен бір жиында үлгі етіп айтыпты. Сол жиналысқа қатысқан «Ордабасы оттары» газетінің директор-бас редакторы Ғалымжан Зиябек айтқанда, қызметке жаңадан келген маған ол кәдімгідей қуаныш сыйлады. Ол нені айтса да, жазса да, айналасына ой салатын, рухты оятатын қаламгер.
Оның ең сүйікті тақырыбының бірі — спорт. Ол талай рет Олимпиада мен Азия және әлем чемпионаттарына журналист ретінде қатысып, қазақ спортшыларының жеңісін елге жеткізгендердің бірі. Ол жарыс нәтижелерін құрғақ баяндаудан гөрі спортшы мен мінезді, елдік намысты ашып көрсетеді. Тіпті төрешілер тарапынан кеткен кемшілікті де ашық жазады.
Бірде Азия біріншілігіне барған спортшылар ойсырай жеңіліп қайтқан. Сонда «Егемен Қазақстан» газетінде «Әбдісалан аға, қайдасың?» деп айқайлата тақырып қойып, кемшілікті түгел жіліктеп жазғаны әлі көпшіліктің есінде. Сонан министрліктегілер осы материалды басшылыққа ала отырып, кей жаттықтырушыларды ауыстырып, кейін жастар арасынан Бекзат Саттарханов сияқты чемпиондар шықты. Оның сілкінгенде жеріне жеткізе, ашына жазатыны да бар.
Ел мүддесі мен сөз қасиетін, шындықтың шамын өшірмей келе жатқан, қарапайым журналистен тұлғаға айналған Бақтияр Тайжанға мықты денсаулық, шалқар шабыт, қаламына ұшқырлық пен сергектік тілеймін. Намысыңыз найзадай, сөзіңіз оттай өткір болсын! Ұлт рухын көтеруде шаршамаңыз, рухыңыз үнемі найзағайдай жарқылдасын, Бәке!
Базаркүл ҚАЛБЫР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Comments