Күздің соңғы айлары… Табиғат тынысы баяулап, дала сары жапыраққа оранған шақ. Осындай мезгілде ауыл өмірі де ерекше бір қарбаласқа толы. Қыс қыр астында. Мал қорасын түзеп, шөп-шаламын жинап, қыстың қамына кірісу — әр шаруаға сын.
Бүгін Қаратал ауданында осы бір ауыл тірлігінің тынысын бағамдауға бағытталған маңызды сапар өтті. Жетісу облысы Кәсіпкерлер палатасының Қаратал ауданы филиалының директоры, «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімдігінің «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары» бөлімінің маманы және Қызылбалық ауылдық округінің әкімі бірігіп, округке қарасты Шоранов пен Буханбаев шаруа қожалықтарына арнайы барып, қыс алдындағы дайындық жұмыстарымен танысты.
Қарапайым еңбек адамдарының күнделікті тіршілігі — ел экономикасының берік іргетасы. Қожалық иелері келген меймандарды жылы шыраймен қарсы алып, биылғы маусымдағы еңбектің жемісін, алдағы қыстың дайындығын баяндады. Мал азығы жеткілікті, техника сақадай сай, қора — жай жөнделіп, қыстаққа әзір.
Кездесу барысында шаруалар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ауылдағы өзекті мәселелерді де қозғады. Тиісті сала өкілдері тарапынан нақты кеңес пен қолдау уәде етілді. «Ең бастысы — ел іргесі тыныш, еңбек тоқтамауы керек», — деді бір қожалық иесі ағынан жарыла.
Осындай сапарлар ауыл мен билік арасындағы көпір іспетті. Бірі — бағыт берсе, бірі — бейнетімен береке табуда. Ал осындай өзара қолдау мен түсіністік бар жерде — тұрақтылық, өркендеу бар.
Қыс — ауыл үшін сынақ кезеңі. Бірақ, еңбекқор жұрттың маңдай тері мен ұйымшылдығының арқасында Қызылбалық округі бұл маусымды да еңсере өтетініне сенім мол.
Қобланды АБЕНОВ
Comments