Жаңалықтар

ТҰРАН АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРЫП КЕЛЕДІ

Тұран ауданының аумағы 36,3 мың гектарды құрайды. Мұнда 21 шағын ауданда 232 мыңнан астам тұрғын тұрады. 39 мыңнан аса жеке үй мен 548 көпқабатты үй, 1 229 көше мен 293 әлеуметтік нысан орналасқан.

Инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Ауыз сумен қамту 98,5%-ға жетті, 2026 жылы толық шешімін табады. Электр жарығы бүгінде 95%-дан асты, жыл соңына дейін барлық үй қосылады. Табиғи газбен қамту көрсеткіші 85,7%, алдағы екі жылда 100%-ға жеткізу жоспарланған.

Кәріз жүйесіне қосу деңгейі 57%-ды құрайды. Биыл Түркістан шағынауданында және Қазыбек би көшесінде кәріз құрылысы жүріп жатыр, нәтижесінде көрсеткіш 60%-дан асады.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімі- Әшірбеков Берік Айдарұлы мәлімдеді.

Аудандағы 1 229 көшенің ұзындығы – 570 шақырым. Оның 80%-ы асфальтталған, қалғаны тас жол. 2025 жылы 251 көшеге жөндеу жүргізу жоспарланып, қазірдің өзінде көп бөлігі аяқталды. Жыл соңына қарай барлық көшелер асфальтпен қамтылып, аудан бойынша көрсеткіш 100%-ға жетпек.

Жаяу жүргіншілерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылы 39 көшеге аяқжол салынды. 2025 жылы тағы 44 көшеде құрылыс жоспарланған. Қазіргі таңда 31 көшеде 15,5 шақырым аяқжол пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, 2025 жылы 35 көшеге ирригация жүйесі салынады. Оның 30 көшесінде жұмыстар аяқталды, қалғаны жыл соңына дейін бітіреді.

Көшелерді жарықтандыруда да айтарлықтай нәтиже бар. Бұрынғы 35%-дық көрсеткіш биыл 95%-ға жетті. 2025 жылы аудан көшелерінің барлығы 100% жарықтандырылады.

Абаттандыру – ауданның басты бағыттарының бірі. Бүгінде Тұранда 383 балалар ойын алаңы мен 99 спорт алаңы бар. Биылғы жылы қосымша 32 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 19 балалар ойын алаңы мен 13 кешенді алаңша бар. Қазіргі таңда 6 жаңа алаң пайдалануға берілді.

Көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 5 жерге гүлзар салу қолға алынып, бірнеше нысан пайдалануға берілді. Арғынбеков пен Бәйтереков көшелерінің қиылысы мен Гагарин көшесіндегі аулалар абаттандырылды.

Сонымен бірге, көпқабатты үйлердің сыртқы қасбеті де жаңарып келеді. 2025 жылы қосымша 20 үй жарықтандырылып, жалпы саны 49-ға жетті. Бұдан бөлек, 9 үйге муралдар салынды.

Инфрақұрылымдық жаңартулар ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жаңадан салынған жолдар, көгалдандыру мен абаттандыру шаралары тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар, елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында түрлі жобалар қолға алынған. Алдағы жылдары осы бағыттағы жұмыстардың қарқыны күшейтіліп, ауданның келбеті жаңа деңгейге көтерілмек.

ТӘРБИЕЛІ ҰРПАҚ – ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

Алдыңғы

ҚАРАТАУ АУДАНЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕСІМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛУҒА ЖАҚЫН

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *