ЖаңалықтарМәдениет

ШЫМКЕНТТЕ «АСЫЛ МҰРА» ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында екі күн қатарынан өткен «Асыл мұра» дәстүрлі өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Көпшілікке мол рухани азық сыйлаған тағылымды шара шымкенттік көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

Үш сағатқа созылған концертте қазақтың төл өнері – дәстүрлі ән, күй, жыр жанрында 30-ға жуық елімізге танымал өнерпаздар сахнаға шығып, ұлттық өнердің бай мұрасын насихаттады.

Фестивалді белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіп жүргізіп, әрбір өнерпаздың шығармашылығына тоқталып, орындалған туындылардың тарихи негізін, дара болмысын көрерменге кеңінен таныстырып, айшықтап жеткізді.

Кеш шымылдығын Сыр бойы жыр мектебінің көрнекті өкілі Алмаз Алматов ашса, Қаратау шертпе күй мектебінің мақтаныштары – Жанғали Жүзбай, Батырлан Әбенов, Жандос Құлымбетов, Саян Ақмолда сахнаға көтеріліп, тыңдармандарды күйдің терең иірімдеріне жетеледі.

Сондай-ақ, дәстүрлі ән өнерінің Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатай, Оңтүстік мектептерінің беделді өкілдері Ерлан Рысқали, Нұржан Жанпейісов, Тұрар Әлменов, Оразалы Жаңабаев, Еркін Шүкіман сынды өнер саңылақтары залды әсем әуезге бөлеп, көрерменнің құлақ құрышын қандырды.

Фестиваль барысында Қазақстанның халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев сынды өнер тарландарын көрермен ерекше ықыласпен қарсы алды. Сонымен қатар, көрерменін көптен бері сағындырған күміс көмей әншілер Гүлмира Сарина, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Елшібаева сынды өнер саңлақтары ұлттық әндерімізді әуелете шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен бұл фестиваль – дәстүрлі өнерді ұлықтаудағы жылдың ең маңызды әрі игі бастамалардың бірі болды. «Асыл мұра» ұлттық өнердің асыл арқауын бүгінгі ұрпақпен қайта қауыштырған айтулы шара ретінде көптің есінде қалғаны белгілі.

Фестивальдің ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай шаралар ұлттық өнердің кеңінен таралуына және жас ұрпақтың дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етеді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұл өнер кеші – ұмыт болған немесе кеңінен таныла бермеген өнер түрлерін тамашалауға таптырмас мүмкіндік болды. Ұлттық өнерге деген құрметті арттырып, қаладағы мәдени өмірді жандандыратын осындай фестивальдер жалғасын тапса, бұл Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге танытуда зор үлес қосары сөзсіз.

 

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚАЛА АУМАҒЫНДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Алдыңғы

ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *