ӘлеуметЖаңалықтарҚоғамМәдениет

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІ МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

25 қазан – Қазақстан Республикасы үшін айрықша тарихи күн. Бұл күн – ел тәуелсіздігінің іргетасы қаланған, халықтың азаттық рухы мен елдіктің бірлігін айшықтайтын Республика күні.
Осы мерекеге орай Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында салтанатты концерттік іс-шара өтті.

Мерекелік жиынның шымылдығы мемлекеттік Әнұранмен ашылып, облыстық филармонияның танымал әншілері мен бишілерінің орындауындағы әсерлі өнер нөмірлері көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазақтың ұлттық өнері мен заманауи ырғақтар үндескен концерт бағдарламасы Тәуелсіз елдің рухын асқақтатып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шара барысында Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек құттықтау сөз сөйлеп, ел дамуындағы ең басты құндылық – халықтың бірлігі мен еңбегі екенін атап өтті.
– Республика күні – мемлекеттігіміздің бастауы, ел болудың нышаны. Бұл мереке әр азаматтың жүрегінде отаншылдық рух пен елге деген сүйіспеншілікті арттырады. Осы тұста, елдің дамуына, ауданның өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген әрбір еңбек адамына алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі.

Мереке қарсаңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғам өміріне елеулі үлес қосқан 15 сала үздігі, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, коммуналдық және мәдениет салаларының қызметкерлері Алғыс хаттармен марапатталды.

– Бүгінгі марапат – тек менің емес, шәкірттерімнің еңбегінің нәтижесі. Ел ертеңі – білімді ұрпақ. Сондықтан бізге артылған сенімді ақтау – үлкен жауапкершілік. Республика күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде отансүйгіш рухты оятатын ерекше мереке, – дейді Үздік мұғалім атанған Салтанат Сеңгірбаева өз әсерімен бөлісіп.

Салтанатты кеш патриоттық әндер мен би қойылымдарымен жалғасып, қатысушылар ел мерекесін айрықша рухпен қарсы алды.
Республика күні – Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрін жаңғыртқан маңызды мереке. Бұл күн – ел тарихындағы тағдырлы сәттерді еске алып, бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын, бірлік пен ынтымақты дәріптейтін күн.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІТІМГЕРШІЛІК РӨЛІ: ЕРЕВАН МЕН БАКУДІҢ ЖАҚЫНДАСУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *