Жаңалықтар

Шымкентте күзгі шақырылымның алғашқы жас сарбаздарын қарсы алды

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөліміне күзгі мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздардың алғашқы топтары келді. Оларды қарсы алуға бөлімде жан-жақты дайындық жүргізілді. Бұл – бөлім дәстүріне айналған игі үрдіс, онда әрбір жас сарбазға алғашқы күннен бастап ерекше көңіл бөлінеді.

Жас әскерге шақырылушыларды шығарып салу рәсімі Шымкент қаласы мен Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің жинақтау бекеттерінде өтті. Бұл күндері Қызылорда қаласынан 30 және мегаполистен 40 жас сарбаз еліміздің оңтүстігіндегі ең ірі әскери құрамалардың бірінде қызмет өткеру үшін жолға шықты. Жалпы алғанда, биылғы күзгі шақырылым аясында бөлім шамамен 200 сарбазды қабылдайды деп жоспарланған.

Жас жауынгерлердің жаңа өмір кезеңіне сенімді қадам басуына қолдау көрсету мақсатында әрбір команданы – келу уақытына қарамастан – салтанатты түрде, әскери оркестр әуенімен қарсы алды.

Бөлім басшылығының айтуынша, мұндай дәстүр ұжымның ашықтығын және әрбір жас сарбаздың армия өміріне тез бейімделуіне көмек көрсетуге әзірлігін білдіреді.

Саптық алаңда жас толымға бөлімнің басшылық құрамы, тарихы, жауынгерлік міндеттері мен дәстүрлері таныстырылды. Одан кейін сарбаздарға әскери киім-кешек табысталып, казарма, асхана, спорт залы, монша және оқу сыныптары көрсетілді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданынан шақырылған жас сарбаз Нұрасыл Нұрмаханов алғашқы әсерімен бөлісті:

– Әскери бөлімге келген алғашқы сәттен-ақ менде тек жағымды әсер қалды. Бізді оркестр әуенімен қарсы алып, нағыз бірлік рухын сезіндірді. Маған бәрі ұнады – форма, жағдай, командирлердің қарым-қатынасы. Осы бір жылда көп нәрсе үйреніп, шынайы Отан қорғаушы болатыныма сенімдімін, – деді Нұрасыл.

Алдағы бір айда сарбаздар бастапқы әскери дайындық курсынан өтеді. Бұл кезеңде олар саптық, атыс, дене, әскери-медициналық және тактикалық дайындық бойынша сабақтарға қатысып, жалпыәскери жарғылар мен әскери қызмет қауіпсіздігінің негіздерін меңгереді. Сонымен қатар, жеке қасиеттерін анықтау және бөлімшелерге бөлуді ұйымдастыру мақсатында психологиялық тестілеуден өтеді.

Жас сарбаздардың оқу-жаттығу жиыны салтанатты түрде Әскери ант қабылдау рәсімімен аяқталады.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

КЕНТАУДА ДАУЛЕТ ТЛЕМИСОВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН КЕЛЕЛІ ЖИЫН ӨТТІ

Алдыңғы

Жасталаптағы жаңа медициналық пункт 

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *