Ағымдағы жылдың 16 қазан күні мүдделі органдармен бірлескен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жоспарына және Кентау қаласы білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес, Ақынтұма атындағы №11 жалпы білім беретін мектептің ұйымдастыруымен «Тәртіп пен заң – жарқын болашақтың негізі» тақырыбында қалалық тәжірибелік семинар өтті.
Семинарға полиция бөлімінің ЮПТ басшысы Ж.Ахметов, Кентау қаласы әкімі аппаратының заң қызметі бөлімінің бас инспекторы Аширова А., қалалық білім бөлімінің тәрбие саласының әдіскері Н.Кузембаева, директорлардың тәрбие жөніндегі орынбасарлары, педагог ұйымдастырушылар, аға тәрбиешілер, сынып жетекшілері мен ата-ана комитетінің өкілдері қатысты. Семинар барысында мүдделі орган қызметкерлерімен дөңгелек үстел, сынып жетекшілердің қауіпсіздік сабақтары, құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылық бағытындағы ашық тәрбие сабақтары өтіліп, тәжірибе алмасты.
Қазіргі қоғамда құқықбұзушылықтардың алдын алу, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін шешу маңызды тақырыптар болып табылады. Осы орайда, аталмыш семинарда халықтың бұқаралық санасын манипуляциялауға қарсы іс-қимылдар, интернет-алаяқтыққа, қаржылық пирамидаларға қарсы күрес жолдары талқыланды. Сондай-ақ, лудомания (ойынқұмарлық) мен қоғамдағы суицидтік көңіл-күйдің алдын алу бағытындағы шаралар да сөз болды.
Қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтық мәселесі бүгінгі таңда қоғамда үлкен қауіпке айналып отыр. Бұл алаяқтық түрлері әсіресе интернет пен әлеуметтік желілер арқылы көбейіп келеді. Қаржылық пирамидалар жаңадан келген мүшелердің қаражатына тірек болады, бұл соңында адамдардың қаржылық шығындарына, тіпті қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Қала мектептерінде бұл тақырыпқа қатысты өткізілген сабақтарда оқушыларға қауіпсіздік пен құқықтық сауаттылық бойынша маңызды кеңестер берілді.
Лудомания (ойынқұмарлық) мен онлайн-казино сияқты тәуелділіктер жастар арасында жиі кездеседі. Бұл ойындар адамның денсаулығына, психологиясына және отбасы тіршілігіне теріс әсерін тигізеді. Семинар барысында жасөспірімдерге лудоманияның қауіптілігін түсіндіру және сау өмір салтын ұстануға бағытталған шаралар ұсынылды.
Қоғамдық қауіпсіздік пен адамгершілік тәртіпті сақтауда жол қозғалысы ережелерін сақтау, құқықтық тәртіп пен заңға бағыну аса маңызды екені атап өтілді. Тәртіп пен заң – тек құқық бұзушылықты болдырмаудың кепілі ғана емес, сонымен қатар жарқын болашақтың негізі. Бұл мәселелер мектеп оқушыларын құқықтық мәдениетке тәрбиелеу мен оларды қоғамға пайдалы азаматтар етіп тәрбиелеу арқылы шешілетіні атап өтілді.
Семинар барысында сондай-ақ қоғамдағы суицидтік көңіл-күйдің алдын алу мәселелері де талқыланды. Бұл мәселеге байланысты оқушылар мен ата-аналар арасында ашық сұхбаттар өткізіліп, психологиялық қолдау көрсету шаралары туралы ақпараттар берілді. Қауіптілік белгілерін анықтап, көмек көрсету әдістері талқыланды.
Қорытындылай келе, семинар өте тиімді және маңызды болды. Ол қатысушыларға қоғамдағы әртүрлі қауіп-қатерлер мен теріс құбылыстарға қарсы тұрудың әдістері мен жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерінде бірлескен жұмыс істеудің маңыздылығын тағы да бір мәрте атап өтті. Семинарда ұсынылған шаралар мен ұсыныстар қаламыздағы білім беру жүйесіне енгізілуі арқылы жастар мен қоғам мүшелерін заңды құрметтеуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қауіп-қатерлерден сақтануға бағытталған нақты қадамдар жасауға мүмкіндік береді.















Comments