Жаңалықтар

Бизнес үніне құлақ асқан мемлекет

Соңғы уақытта елімізде бизнес пен мемлекеттің өзара қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұған айқын дәлел — кәсіпкерлердің пікіріне құлақ асу және олардың ұсыныстарын ескере отырып, нақты шешімдер қабылдануы. Бұл жолы да мемлекет бизнес өкілдерінің үнін елемей қойған жоқ.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы — «Атамекен» жүздеген кәсіпкерлердің өтінішін жинақтап, жүйелеп, мемлекетке жеткізді. Нәтижесінде оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдануға қойылған шектеулер тізімі айтарлықтай қысқартылды. Бұрын кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық тудырған тыйым салынған қызметтердің кеңейтілген тізімі қайта қаралып, олардың саны 44-ке дейін азайды. Бұл — шағын және орта бизнес үшін зор жеңілдік.

Мұндай нәтижеге жету оңай болған жоқ. Палата мен салалық қауымдастықтар мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатып, әрбір даулы норманы талқылап шықты. Бірлескен күш-жігердің арқасында кәсіпкерлердің мүддесіне сай теңгерімді шешім қабылданды.

Алайда жұмыс мұнымен тоқтаған жоқ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес үшін жаңа — «таза парақтан» тәсілі енгізіледі. Бұл тәсіл салықтық тексерулер мен камералдық бақылауды толығымен жоюды, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығаруды көздейді. Егер кәсіпкер негізгі қарызын 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтесе, ол толықтай жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алады.

Бұл бастама — тек салық реформасын жеңілдету емес, мемлекет пен бизнес арасындағы сенімнің айқын көрінісі. Мемлекет диалогқа дайын екенін көрсетті, ал «Атамекен» ҰКП осы диалогтың негізгі дәнекері болып қала береді.

«Атамекеннің» атқарған еңбегі — тек құжаттар мен ұсыныстар емес, нақты нәтижелер. Ондаған мың кәсіпкер үшін оңайлатылған салық режимі сақталды. Бұл — ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін, іскерлік ортаға жаңа серпін беретін қадам.

Мемлекет бизнес үніне құлақ асып, бірге шешім қабылдаған сәт — ел дамуының жаңа мәдениетін қалыптастырудың бастауы. Ал «Атамекен» алдағы уақытта да кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, реформалардың шынайы өмірмен үндесуіне атсалыса бермек.

ҚОБЛАНДЫ АБЕНОВ

«Таза Қазақстан»: Шымкентте қала тұрғындары мен жастар кең ауқымды экологиялық акцияға белсене қатысты

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *