ЖаңалықтарСпорт

Шымкентте «Iliyas Boxing Academy» спорт залы ашылды

Шымкент қаласында спорттың қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейтін жетістіктер аз емес. Жуырда ғана өткен әлем чемпионатында ағайынды қос жігіт ел қоржынына екі бірдей алтын салса, бұған дейін де талай шымкенттік спортшылар олимпиада ойындарында, әлем біріншіліктерінде алтыннан алқа тағып, күміс пен қола жүлделерді иеленген. Мұның барлығы өңірде спорт саласына жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі екені белгілі. Қазіргі таңда қалада заманауи спорт кешендері салынып, онда білікті жаттықтырушылар тәлімгерлік етуде.

Солардың бірі әрі бірегейі – Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген жаттықтырушы, көптеген чемпиондардың ұстазы Ильяс Оралбеков. Ол өзінің жеке қаражаты және демеушілердің есебінен жаңа спорт орталығын ашты.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына Ильяс Зиятбекұлының жақындары мен шәкірттері, оның ішінде әлем чемпиондары ағайынды Махмуд пен Төрехан Сабырхановтар арнайы келді. Сондай-ақ шараға Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшы міндетін уақытша атқарушы Ермек Дәрменов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде алдағы уақытта бұл академиядан әлемді мойындататын, қазақ елінің әнұранын шырқататын талай өрендер шығатынына сенім білдірді.

«Iliyas Boxing Academy» бір мезгілде 100-ге дейін жас спортшыны қабылдауға қауқарлы. Жалпы аумағы 410 шаршы метрді құрайды. Бұл туралы Iliyas Boxing Academy негізін қалаушы Ильяс Зиятбекұлы айтты.

-Мұнда он жастан асқан балаларға тәжірибелі үш жаттықтырушы кәсіби дайындық өткізетін болады. Академияда бокс залы, 28 орындық қонақ үй, 30 адамға арналған асхана, үш жұмыс бөлмесі, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері қарастырылған. Қазіргі таңда бір бокс рингі, сегіз бокс қапшығы және көлемі 15х11 метр татами орнатылған. Алдағы уақытта қосымша жүгіру жолдары, турник, брусья және тренажер жабдықтарымен толықтыру жоспарланып отыр,-дейді ол.

«Iliyas Boxing Academy» – тек спорт залы ғана емес, жас буынның ерік-жігерін шыңдап, олардың халықаралық деңгейде биік белестерді бағындыруына жол ашатын үлкен мүмкіндік. Бұл орталық болашақ чемпиондардың алтын ұясына айналары анық.

 

АЭРОПОРТ ШЫМКЕНТА ПОЛУЧИЛ RA3-СЕРТИФИКАТ

Алдыңғы

Қала аумағындағы 80 зиратта сенбілік ұйымдастырылды

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *