Шымкентте «Цифрлық құралдар – су инфрақұрылымын басқарудың жаңа үлгісі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараны қала әкімдігі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырды.
Семинарға қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, мемлекеттік орган өкілдері, халықаралық ұйымдар, отандық және шетелдік компаниялар және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен сумен жабдықтау саласының сарапшылары қатысты.
Жиын Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Президент өз сөзінде цифрландыру мен жаңа технологияларды пайдалану тиімділікті арттыру құралы ғана емес, елдің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартудың басты тетігі екенін ерекше атап өткен болатын.
Қала әкімінің бірінші орынбасары қарқынды дамып келе жатқан мегаполис үшін су ресурстарын тиімді әрі заманауи басқару мәселесінің айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Халық санының артуы, өнеркәсіптің дамуы және жаңа тұрғын алаптардың салынуы сапалы ауыз сумен қамтуды, тиімді кәріз жүйесін және сенімді инфрақұрылымды қажет етеді. Бүгінге дейін қолданылған дәстүрлі тәсілдер енді жеткіліксіз. Климаттың өзгеруі, тұтыну көлемінің және су шығынының өсуі – жаңа шешімдерді талап етеді. Сондықтан цифрлық құралдар мен автоматтандырылған жүйелерді енгізу – Шымкент пен тұтас ел үшін басымдыққа айналып отыр», – деді Айдын Кәрімов.
Семинарға қатысушылар еліміздің су ресурстарын басқару саласындағы халықаралық тәжірибелерді таныстырып, шетелдік мамандардың қолданыстағы цифрлық шешімдерімен танысты. Талқылаулар нәтижесінде су инфрақұрылымын тиімді басқару үшін нақты қадамдар мен ұсыныстар әзірленіп, оларды елімізде енгізу бойынша жол картасы жасалды. Осы бағытта Шымкенттің өзінде цифрлық құралдар мен автоматтандырылған жүйелерді енгізу жоспарлары мен тиісті жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл жұмыстар су ресурстарын тиімді пайдалану мен климаттық өзгерістерге бейімделу мақсатында маңызды қадам болып табылады.
Comments