Бүгін Шымкент қаласында жылыту маусымына дайындық барысында тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және улы газдан уланудың алдын алу мақсатында кешенді түсіндіру шаралары өткізілуде.
Еңбекші ауданының Азат шағын ауданында өткен шараға Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, «Газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары, әділ билер алқасы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және еріктілер қатысты.
Мамандар тұрғындарға газ жабдықтары мен тұтыну жүйелерін қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, жылыту маусымында сақтық шараларын қатаң бақылау қажеттігін айтты. Газ жабдықтарының ақаусыз жұмыс істеуі, мұржалардың дұрыс қызмет атқаруы және желдету жүйесінің тиімді болуы адамның өмірі үшін өте маңызды екендігі атап өтілді.
Қала тұрғындары мен әсіресе ауылдардағы халық арасында газ қауіпсіздігіне қатысты сауаттылық деңгейі әртүрлі. Сондықтан мұндай түсіндіру шараларының маңызы зор, себебі ол тұрғындарды тек ақпараттандырып қана қоймай, олардың қауіпсіздігін арттырып, өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
– Көміртегі газы көзге көрінбейтін, иіссіз және адам өміріне қауіпті. Мұндай улану өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан тұрғындар газ жабдықтарының күйін үнемі тексеріп, ақау байқалған жағдайда дереу 104 жедел қызметіне хабарласуы қажет, – деді газ-техникалық қызметінің инспекторлары.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар газ жабдықтарына қызмет көрсететін ұйымдармен және желдету мен түтін шығару арналарына жауапты мекемелермен келісімшарт жасап, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады. Ал қауіпті жағдай анықталған жағдайда газ-техникалық қызмет инспекторлары абонентті уақытша газдан ажыратуға құқылы.
Іс-шара барысында мамандар аз қамтылған және көмір пайдаланатын отбасылардың мұржаларын тексеріп, тазарту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, газ жабдықтарын дұрыс пайдалану жөнінде жадынамалар таратылып, тұрғындарға практикалық кеңестер берілді.
Жылыту маусымы алдындағы осындай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта қала аумағында жалғаса бермек.
Газ қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды

Comments