Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші және Абай аудандарындағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты.
Аралау барысында Еңбекші ауданындағы Қойкелді батыр көшесінің бойындағы теміржол үстінен өтетін автокөлік көпірі жол қозғалысына ашылды. Өткен ғасырдың 50-жылдары салынған ескі нысан уақыт өте келе апатты жағдайға жеткен болатын. Күрделі жөндеуден өткен көпір көлік қатынасын жеңілдетіп, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасайды. Әкім құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындаған мердігер ұйымға алғысын білдірді.
Сондай-ақ қала басшысы Абай ауданындағы «Нұрлы көш» көшесінің құрылысы жүзеге асқан жобамен танысты. Жаңа жол «Асар» және «Шымкент сити» шағынаудандарын байланыстырып, орталық көшелердегі көлік ағынын азайтады. Қазіргі таңда жол қозғалысы ашылып, әкім жауапты басқармаларға абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.
Бұдан бөлек, Ғабит Сыздықбеков Абай ауданында жүргізіліп жатқан А-2 айналма жолын қайта құрудың алтыншы кезеңін тексерді. Әкім Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жобаларды сапалы іске асырып, уақытылы пайдалануға беруді қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.
Бұл шаралар қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Жаңарған көлік инфрақұрылымы қала тұрғындарына үлкен жеңілдік әкеліп, олардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Жаңа жолдар мен көпірлердің іске қосылуы, сондай-ақ айналма жолдар мен көшелердің қайта құрылуы Шымкенттегі көлік кептелісін азайтып, азаматтардың уақытын үнемдейді. Бұл жұмыстар қалада көлік қозғалысының тиімділігін арттырып, сонымен қатар экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етуде.
Әкімнің бақылауымен жүзеге асырылған жобалардың сапалы және уақытында орындалуы қала халқының сенімін нығайтады. Құрылыс жұмыстарының тұрақты қадағалануы мен жергілікті биліктің осы саладағы белсенділігі қала инфрақұрылымының дамуында маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, жаңартылған жолдар мен көпірлердің қауіпсіздік стандарттарына сай болуы тұрғындардың өмірін сақтандыру мен жол апаттарының алдын алуға бағытталған оң қадам болып табылады.
Comments