Әлеумет

Ерекше балаларды қолдау жолдары талқыланды

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Шымкент қаласындағы №18 Шоқан Уалиханов атындағы жалпы орта мектепте «Мейірімділік әлемді құтқарады» атты маңызды кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларды қоғам өміріне бейімдеу, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жолдарын талқылау болды.

Кездесуге «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі аймақтық кеңестің өкілдері, инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы педагогтер мен ата-аналар, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Шара барысында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов сөз алып, партия тарапынан ерекше балаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. – «Ерекше балаларды қорғау мен қолдау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Мұндай балалардың әлеуметке бейімделуі, білім алуы және дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасау – партияның тұрақты назарындағы мәселе. Біз әрқашан ата-аналар мен ұстаздардың жанынан табылып, өз үлесімізді қосуға дайынбыз», – деді ол.

Кездесуге ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, кеңес төрайымы Баян Жандосова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Абдезов және өзге де сала мамандары қатысты. Шара барысында ерекше балалармен жұмыс істеп жүрген мұғалімдер мен әлеуметтік сала қызметкерлері еңбектері үшін алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен бірге, жиын барысында ата-аналар мен педагогтер өз ұсыныстарын білдірді. Олардың ішінде әлеуметтік такси қызметін енгізу қажеттілігі, қазақ тілді психологтардың тапшылығы, сондай-ақ сала мамандарының еңбекақысын арттыру мәселелері көтерілді.

Кездесудің басты идеясы – қоғамда мейірімділік пен өзара қолдаудың маңызын арттыру. Қатысушылар ерекше балалардың қоғамнан оқшауланбауы үшін бірлесе әрекет етудің маңыздылығын атап өтті. Олар инклюзивті білім беруді дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және ата-аналарға жан-жақты көмек көрсету бойынша тәжірибе алмасты.

Шара соңында қатысушылар осындай кездесулердің тұрақты өткізілуі қажет екенін және ерекше балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу бағытында өзара серіктестікті күшейтуге уағдаласты. «Мейірімділік әлемді құтқарады» атты бұл кездесу адамгершілік, қамқорлық және тең мүмкіндіктер идеяларын кеңінен насихаттаған тағылымды басқосу болды.

ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ – ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІН

Алдыңғы

В Шымкенте обсудили пути поддержки детей с особыми потребностями

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *