Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының бастамасымен, Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастырумен үздік оқырмандар арасында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты байқаудың іріктеу кезеңі өткізілді.
Іс — шараға арнайы тақырыптық көрме-инсталляциялары жасақталып, кеш қонақтарына таныстырылды.
Байқауды Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы директорының орынбасары Айгүл Бақытқызы мен Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұржамал Әбілжанқызы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Әлемді кітап арқылы танимын» байқауына аудандық балалар кітапханасының 10 үздік оқырман қатысты.
Қатысушыларды бағалап, жеңімпаздарды анықтайтын қазылар алқасының құрамында Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы директорының орынбасары Исабекова Айгүл Бақытқызы, облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы Абзейтова Бағила Әбдібекқызы, облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы Нұрлыбаева Назерке Ертісқызы және Созақ аудандық орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімшесінің кітапханашысы Айгерім Нұралықызы төрелік етті.
Төрт кезеңнен тұратын байқауда оқырмандар шарттарға сәйкес «Мен және кітапхана»тақырыбында кітап оқу дәстүрін бейнекөрсетілім арқылы насихаттап, Сапарғали Бегалиннің «Шоқан асулары» кітабынан «Бала Шоқан» шығармасы желісі бойынша үзіндіге сахналық көрініс көрсетіп, Ы.Алтынсариннің өлеңдерін жатқа айтып, зияткерлік алаңында өздерінің білімділігі мен тапқырлығын шыңдады.
Созақ аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Маймақова Ғалия Сұлубекқызы байқауға қатысып, белсенділік танытқан оқушыларды Алғыс хатпен марапаттаса, 3, 2, 1-орын иегерлеріне марапатты Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұржамал Әбілжанқызы табыс етті. Бас жүлдені Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы директорының орынбасары Айгүл Бақытқызы табыстады.
Байқау нәтижесі бойынша:
Бас жүлдені — М.Мәметова атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Қыдырбай Таңшолпан иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды.
І орын — А.Иманов атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Созақбай Жәния;
ІІ орын — Созақ мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Бекен Гүлсезім;
ІІІ орын– Н.Төреқұлов атындағы IT мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Кенбай Аяна иеленді.
Сондай-ақ, байқаудың барлық қатысушыларына алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.
Comments