Қоғам

Конституция – еркін елдің негізі: 30 жылдық мерейтойға арналған кітап көрмесі өтті

Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай аудандық орталық кітапханада «Конституция – еркін елдің негізі» атты кеңейтілген кітап көрмесі ұйымдастырылды

Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай Созақ аудандық орталық кітапханасында «Конституция – еркін елдің негізі» атты кеңейтілген кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға насихатталды. Бұл көрме еліміздің Ата Заңының тарихын, маңыздылығын, сондай-ақ оның еліміз үшін алатын орны мен рөлін кеңінен таныстыруға бағытталды.

Көрмеде егемендік алғаннан кейін қабылданған Конституцияның тарихына, оның қабылдану процесіне арнайы тоқталынды. 1995 жылдың 30 тамызы күні Қазақстанда жалпы халықтық референдум өткізіліп, қабылданған Конституция 5 қыркүйектен бастап заңды күшіне енді. Негізгі заңымыз 9 тарау, 98 баптан тұрады. Онда еліміздің тәуелсіздігі, құқықтық мемлекет құру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары нақты айқын көрсетілген.

Көрменің маңызды бөлігінде қазақ халқының құқықтық мәдениетінің бастауында тұрған дала заңдарына ерекше назар аударылды. Қазақ халқының тарихында бірлік пен татулықтың сақталуына ықпал еткен Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заңдар мен билердің шешендік өнері ерекше атап өтілді. Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би сияқты билердің еңбектері халқымыздың рухани мұрасына айналғаны көрмеде кеңінен баяндалды. Бұл тарихи құжаттар мен тұлғалардың заңнамалық мұрасы бүгінгі күнде де өзекті болып табылады және еліміздің құқықтық жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан.

Көрмеге «Созақ үні» газетінің бас редакторы Мақсат Жеңісұлының «Ақиқат үн – Ата Заң» атты өлеңдері де қойылды. Бұл өлеңдер Конституцияның маңыздылығы мен оның елдегі әрбір азаматтың өміріндегі рөлін паш етті. Мақсат Жеңісұлының шығармашылығы арқылы оқырмандарға Ата Заңның рухани және құқықтық мәні жеткізілді.

Көрме тек Конституцияны ғана емес, сондай-ақ құқықтық мәдениеттің дамуына және азаматтық қоғамды қалыптастыруға да үлкен үлес қосатын маңызды іс-шара болды. Қатысушылар көрмеден көптеген пайдалы ақпарат алып, еліміздің заңнамалық жүйесінің дамуы мен қалыптасуының тарихымен танысты.

Кітап оқудың және білім алудың маңызы ерекше екенін ескере отырып, бұл көрме тек құқықтық білім берумен шектелмей, еліміздің заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосты. Конституцияның тарихы мен оның әрбір азаматтың өміріндегі орнын түсіну, білімге деген қызығушылықты арттыру мақсатында кітап көрмесінде ұсынылған әдебиеттер азаматтарға заңдар мен құқықтар туралы терең білім алуға мүмкіндік берді. Бұл шара жастарды заңдық сауаттылыққа тәрбиелеуде, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруда маңызды қадам болып табылады.

Көрмедегі кітаптар мен деректер Ата Заңның маңызы мен рөлі туралы кең ауқымды білім ұсынды, сондай-ақ, оқырмандардың Қазақстанның құқықтық жүйесін түсінуіне және оны құрметтеуге ықпал етті. Мұндай іс-шаралар қоғамда заңға деген құрметті арттыруға, адамдарды өз құқықтарын қорғауға және оларды дұрыс пайдалануға үйретеді. Кітап оқу арқылы, әрбір азамат Конституцияның негізгі принциптері мен мақсатын тереңірек ұғыну мүмкіндігіне ие болып, болашақта елдің құқықтық мәдениетін дамытуға өз үлесін қосады.

 

Бірлік пен достық – ел дамуының басты негізі

Алдыңғы

Ата Заң – Мәңгілік Елдің тірегі

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *