Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған «Ата заң – ел іргесін бекемдеген 30 жыл» атты апталық іс-шаралар бастау алды. Бұл апталықтың басты мақсаты — Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы халық арасында терең білім қалыптастыру, оның ел өміріндегі маңызы мен құндылығын насихаттау болып табылады.
Апталықтың ашылу салтанаты Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімшесінде өтті. Рәсім «Конституция – еркін елдің негізі» тақырыбындағы дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылды. Мұндай формат қатысушыларға еркін пікір алмасуға, Конституцияның қоғамдағы рөлі мен маңызын жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталып, оның кейінгі бөлімінде Конституцияның қоғам өміріндегі орны туралы маңызды пікірлер айтылды. Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған құрметті қонақтар мен қоғам қайраткерлері өз ойларын ортаға салып, елдегі құқықтық тәртіп пен заңдылықтың негізі болып табылатын Конституцияның рөлі туралы өз пікірлерін білдірді.
Іс-шараға Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Аманбекұлы, ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Пәрдебек Сақтапбергенұлы, «Созақ үні» газетінің бас редакторы, тарихшы Мақсат Жеңісұлы, «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Сейдахметұлы, аудандық мәслихат депутаты Рабиға Шамақызы, сондай-ақ аудандық полиция бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Айжан Қалмақанқызы қатысты. Олар Конституцияның еліміздегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтіп, оны сақтау және құрметтеу — әрбір азаматтың міндеті екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері, аудандық полиция бөлімі мен түрлі мекеме қызметкерлері шараға қатысып, Конституцияның қоғамдағы рөліне қатысты пікірлерін білдіріп, оның әрбір азаматтың құқықтарын қорғаудағы басты құжат екенін жеткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар үшін «Ата заң – ел тірегі» атты мазмұнды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Конституцияның тарихы, оның қабылдануы мен дамуы, құқықтық саласындағы рөлі туралы көптеген әдебиеттер мен құнды деректер ұсынылды. Бұл көрме қатысушыларға Қазақстанның заң жүйесінің құрылымы мен Ата Заңның әрбір азаматтың өміріндегі орнын түсінуге мүмкіндік берді.
Кітап оқу және білім алуға деген қызығушылықты арттыру іс-шараның маңызды бір бөлігі болып табылды. Мұндай шаралар адамдарды тек заңдық мәселелермен таныстырып қана қоймай, жалпы білім алуға ынталандырады. Конституцияның тарихы мен маңызы туралы кітаптар мен материалдарды оқу, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл процестің өзі қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ, кітаптар арқылы өткеннің тәжірибесін жинақтап, болашақ ұрпаққа сол білім мен құндылықтарды жеткізу — еліміздің құқықтық жүйесін нығайтуда маңызды қадам болып табылады.
Конституция күніне арналған іс-шаралар барысында ұйымдастырылған кітап көрмесі арқылы, қатысушылар еліміздің заң жүйесі мен Ата Заңның тарихы туралы қосымша білім алды. Кітап оқу, әсіресе, жастар арасында заңды құрметтеу мен білімге деген қызығушылықты арттырып, қоғамның құқықтық сауаттылығын көтереді. Мұндай көрмелердің тиімділігі — олар адамдарды тек теоретикалық біліммен ғана емес, өмірде қолданылатын нақты мысалдармен таныстырып, Ата Заңның әрбір азамат үшін қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектеседі.
Comments