АймақМәдениет

СОЗАҚ КӨТЕРІЛІСІНІҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ ШАРА ӨТТІ

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Созақ аудандық орталық кітапханасы бірлесе отырып, Созақ көтерілісінің 95 жылдығына арналған «Созақ көтерілісі — батырлық пен бірліктің символы» атты тарихи-танымдық іс-шара ұйымдастырды. Бұл шара ұлт тарихындағы маңызды оқиға — Созақ көтерілісінің мән-маңызын ұрпақ санасында сақтап, оның батырлық рухын дәріптеу мақсатында өтті.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы ашып, халқымыздың азаттығы жолында жанын қиған ерлердің ерлігін ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды. Ол бұл шараның өңір тарихына құрмет көрсету және ұмыт болған ұлы тұлғаларды насихаттаудың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Созақ көтерілісі — тек бір аймақтың ғана емес, тұтас елдің тарихында маңызды орын алатын оқиға.

Іс-шара барысында «Созақ көтерілісі – тарихтың таңбасында» атты бейнеролик көрсетілді. Бұл бейнероликте 1930 жылғы көтерілістің себептері мен оның қаһармандары туралы деректер ұсынылып, көтеріліс шежіресіндегі маңызды оқиғалар мен тұлғалар таныстырылды. Бейнероликтің басты мақсаты — көрермендерге тарихи шындықты жеткізу және қоғамдық сананы жаңғырту болды.

Ақын, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Созақ үні» газетінің бас редакторы Мақсат Жеңісұлы арнайы баяндама жасап, көтерілістің шығу тарихы мен оның ұлт тарихындағы орнын кеңінен түсіндірді. Ол көтерілістің саяси мәнін және сол кезеңдегі халықтың тағдырымен тығыз байланысын ашып көрсетті.

Шара барысында көтеріліс куәгерлерінің ұрпақтары мен ауыл ақсақалдары Болат Искаков, Ізбасар Қуанышов, Бекполат Сегізбаев тарихи оқиғаның ел жадындағы орны туралы естеліктерімен бөлісті. Олар жастарды өткеннен тағылым алуға және бірлікті сақтауға шақырды. Бұл естеліктер көтерілістің тек батырлық қана емес, ұлттық рухтың, ұлтаралық бірліктің де символы екенін көрсетіп, қатысушыларға ой салды.

Сонымен қатар, Аудандық өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Мухамеджан Бабаев пен аудандық мәслихат депутаты Жәдігер Әлібеков көтеріліс ерлерінің ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, олардың ел үшін жасаған еңбегін дәріптеудің маңызды екенін айтты.

Іс-шараны Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Дана Хантөреқызы қорытындылап, Созақ көтерілісінің тағылымын ұрпақ санасында сақтау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, тарихи жадымызды жаңғыртып, өткенді ұмытпау — бүгінгі ұрпақтың ең маңызды міндеті.

Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұржамал Әбілжанқызы да көтерілістің саяси мәнін атап өтіп, осы тарихи оқиғаны ұлықтауға белсене атсалысқан барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

Бұл тарихи-танымдық шараның маңызды бір бөлігі — жастардың тарихты тереңірек білуі мен оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Кітап оқу арқылы жастар тек өткенді танып қана қоймай, ұлт тарихындағы елеулі оқиғалардың мәнін терең түсінеді. Бұл, әсіресе, осындай тарихи кезеңдерді зерттеу арқылы, тарихты қастерлеу және сол кезеңдерден сабақ алу үшін аса маңызды. Созақ көтерілісі сияқты батырлық пен бірліктің символына айналған оқиғаларды оқып, оның ұрпаққа қалдырған мұрасын түсіну — ұлттың рухани байлығын, оның тарихын сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізу үшін өте қажетті қадам.

Кітап оқудың арқасында біз тек тарихи деректермен танысып қана қоймай, сонымен бірге сол кезеңнің шынайы жағдайларын, сол оқиғаларға қатысқан адамдардың тағдырларын да тереңірек біле аламыз. Бұл процесс азаматтық сана мен патриотизмді қалыптастырады, әсіресе жастар үшін. Тарихи кітаптар мен материалдар оқушыларға, жастарға ұлттық бірліктің маңызын ұғындырып, өткеннің қателіктерін қайталамау үшін білім береді. Созақ көтерілісін зерттеу арқылы біз батырлардың ерлігін ғана емес, олардың ұлт үшін жасаған еңбегін, бірліктің күшін және ұрпақ сабақтастығын түсінеміз.

 

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – ерекше жандарға сенімді тірек

Алдыңғы

САУРАН АУДАНЫНДА «VAPE OUT — ЖАРҚЫН ӨМІРГЕ ЖОЛ АШ!» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *