Жаңалықтар

Заңсыз өнім — қоғамға қатер, елге залал

«Заңсыз айналым — адал еңбектің жауы. Онымен күрес — халық алдындағы борыш» – дейді Қаратал аудандық кірістер басқармасының өкілі.

Жетісу облысының Қаратал ауданында салық органдары көлеңкелі сауданың тамырын кесуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның бір айғағы — жуырда өткен тексеріс. Аудандық кірістер басқармасының мамандары бірқатар дүкендерге жүргізген рейд барысында лицензиясыз сақталған әр түрлі атаудағы алкоголь мен темекі өнімдерін анықтады.

Бұл — жай ғана тәртіп бұзушылық емес, ел қазынасына зиян келтіретін, ең бастысы халық денсаулығына қатер төндіретін заңсыз әрекет. Әдетте мұндай тауардың сапасы күмәнді, ал тұтынушыға тигізер зардабы орасан.

Сот шешімі бойынша тәркіленген өнімдер арнайы орынға жеткізілді. Кейін аудандық комиссия мүшелері, мердігер компания қызметкерлері және бақылаушы органдардың қатысуымен олар толықтай жойылды. Куәгерлердің көзінше өткен бұл шарада әрбір қадам қатаң тәртіппен жүргізілді.

«Заңсыз өнім — бір қарағанда арзан, бірақ шын мәнінде қоғам үшін қымбатқа түсетін құбылыс. Біз мұндайға жол бермеуіміз керек» — дейді аудандық комиссия мүшесі.

Жойылған өнімдердің артында жасырын бизнес пен көлеңкелі табыс бар екені анық. Сондықтан мұндай шаралар тек тәркілеумен шектелмей, алдын алу мен түсіндіру жұмыстарымен жалғасып отыр.

Қаратал аудандық кірістер басқармасы заңсыз айналымға қарсы күресті жүйелі түрде жүргізе беретінін атап өтті. Өйткені адал кәсіпкерлікті қолдау — әділ бәсекенің кепілі, ал тұтынушыны қорғау — ел алдындағы парыз.

«Біз халықтың сенімін ақтау үшін жұмыс істейміз. Әрбір кәсіпкер заңды жолды таңдаса, қоғам ұтады» — дейді басқарма өкілі.

Қобланды АБЕНОВ

ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

Алдыңғы

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ ЕНГІЗУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *