Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады
26–27 қыркүйек күндері Шымкент қаласында дәстүр мен руханиятты ұлықтаған «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестивалі өтеді. Шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
26 қыркүйекте сағат 15:00-де «Қызғалдақ» сарайында оқушылар арасындағы республикалық өнер фестивалі өтсе, 27 қыркүйекте дәл осы мекемеде кәсіби өнерпаздардың қатысуымен үлкен өнер кеші жалғасын табады.
Фестивальдің басты мақсаты – ата-бабалардан келе жатқан дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайту. Фестиваль аясында ән, күй, жыр, терме және рухани мектептердің тағылымды дәстүрлері көрерменге ұсынылады.
Шараға Қазақстанның Халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев және елімізге белгілі өнер майталмандары қатысады. Кештің жүргізушісі – фольклортанушы ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Берік Жүсіп. Бұл шара өнерсүйер қауым үшін ерекше мүмкіндік болып табылады, өйткені оған тек кәсіби орындаушылар ғана емес, жас дарындар да қатысып, өз өнерлерін көрсетеді.
Кіру – тегін. Фестиваль ұлттық өнерімізді бағалайтын барша көрермен үшін ұйымдастырылуда.
«Асыл мұра» фестивалі – бұл тек мәдени іс-шара ғана емес, ол ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу мақсатында маңызды қадам болып табылады. Фестиваль аясында дәстүрлі өнердің әртүрлі түрлері, оның ішінде ұлттық музыка мен би өнері, халықтық әндер мен термелер, сондай-ақ жырлар мен күй тартулар көрермендерге ұсынылады. Осы арқылы жастарымыз ұлттық өнердің тереңіне үңіліп, оның тарихи құндылықтарын түсініп, өздерінің мәдени санасын жаңғырта алады.













Comments