Бүгін Шымкентте Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімдігінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Абайұлы мәдениет, көлік, әлеуметтік қолдау және қоғамдық тәртіп мәселелерін баяндады.
Шымкент қаласында тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында түнгі мезгілде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға байланысты бақылау күшейтілді. Соңғы уақытта түнгі уақытта салют ату деректеріне шағым көбейіп, полиция департаменті тарапынан рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Қоғамдық орындарда салют ату фактілері бойынша жыл басынан бері 123 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, барлығы 9,6 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Сонымен қатар, сағат 22:00-ден кейін тыныштықты бұзған 4 675 тұлға жауапкершілікке тартылып, 66,9 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
Пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алып, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген алаңдарда ғана қолдануға болады. Өзге орындарда қолдануға тыйым салынады.
Тұрғындардың тыныштығын сақтау мен қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету – Полиция департаментінің басты міндеттерінің бірі. Құзырлы орган қала тұрғындарын тәртіпке түсіністікпен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырады.
Брифингте қоғамдық тәртіп мәселелері де қозғалды. Өткен аптада тергеу органдарында 175 іс тіркеліп, төртеуі сотқа жолданған. Қылмыстардың ішінде алаяқтық пен ұрлық деректері басым. Алпыс алаяқтықтың 38-і интернет арқылы жасалған. Әсіресе тауарға тапсырыс беру, жалған инвестиция және банк қызметкері болып қоңырау шалу әдістері жиілеп отыр. Осындай оқиғаның бірінде қала тұрғыны әлеуметтік желі арқылы техникаға тапсырыс беріп, 600 мың теңге қаржысынан айырылған.
Есірткі қылмыстары да назарда. Бір азамат банк картасын танысына берген, ал ол картаны есірткі саудасына пайдаланғаны белгілі болды. Сондықтан полиция тұрғындарға жеке деректерін бөтен адамдарға сеніп тапсырмауды ескерткені баса айтылды. Жол-көлік оқиғалары да әлі азаймай тұр. Алдыңғы аптада 8 апат тіркелді. Басым бөлігі жылдамдықты асыру, телефонға алаңдау, жаяу жүргіншілердің ережені сақтамауынан болған. Әкімдік ата-аналарды балалардың самокат пен скутерді дұрыс пайдалануы үшін қадағалауға шақырды. Сонымен бірге көпқабатты үйлердің дәліздерінен велосипед пен арбалардың ұрлануы жиілеген.













Comments