2025 жылдың 20 қыркүйегі — ел тарихына алтын әріппен жазылатын күн. Сол күні Алматы облысы Іле ауданының Күрті ауылдық округінде қазақ даласы бұрын-соңды болмаған көрініске куә болды. «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» мәдени шарасы ұйымдастырылып, Қазақстан Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Ауқымды бастама өңірдің ірі шаруашылығы – «Даулет-Бекет» компаниясының жетекшілігімен жүзеге асты. Керуенге 1200 түйе қатысып, бір шақырымдық арнайы дайындалған жолды жүріп өтті. Бұл көрсеткіш 2022 жылы Қытайда тіркелген (365 түйе) рекордтан үш еседен артық.
Көшбасшы шаруашылық
«Даулет-Бекет» қожалығы – түйе шаруашылығын дамытуда елге ғана емес, ТМД-ға да танылған кәсіпорын.
2011 жылы «Асыл тұқымды мал өсіру шаруашылығы» мәртебесін алды.
2012 жылы Қарөткел жәрмеңкесінде «Алтын белгімен» марапатталды.
2013 жылы «Лидер отрасли» атағына ие болып, «Слава Казахстана» орденін иеленді.
2015 жылы Сочиде өткен форумда шұбаты үздік өнім деп танылды.
2021 жылы 1 млрд теңге инвестиция құйып, жаңа зауыт ашып, Қытай мен Ресейге түйе сүтін экспорттай бастады.
Әлемдік мойындау
Шараға Англиядан арнайы келген Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг керуенді тіркеп:
«Мен мұндай көлемдегі түйе керуенін бірінші рет көріп отырмын. Қазақстанның бұл жетістігі – әлемдік қазына», – деп баға берді.
Ұлттық рухтың жаңғыруы
Бұл тек рекорд емес. Бұл – көшпелі мәдениеттің қайта жаңғыруы, ұлттық рухтың асқақтауы. Көшпенділердің көне дәстүрін дәріптеген шара Қазақстанды әлемге тағы бір қырынан танытты.
«Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» – бүкіл түркі дүниесі үшін ортақ мақтаныш.
Қобланды АБЕНОВ
Comments