Шымкент қаласында отбасы күніне орай Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жастардың дарыны мен қайсарлығын паш еткен ауқымды мәдени-әлеуметтік шаралар өтті. Екі күнге жалғасқан бұл жобаның басты мақсаты – қоғам назарын ерекше жандарға аудару, олардың спорт пен өнердегі жетістіктерін насихаттау және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау болды.
11 қыркүйек күні өткен спорттық турнирлерде үстел теннисі, шахмат пен тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылды.
Бұл жарыстар – жай ғана бәсеке емес, өмірдің сан түрлі сынақтарына мойымайтын жастардың табандылығы мен жігерінің айқын көрінісі болды.
Жеңімпаздар лайықты марапаттарын алды:
- Үстел теннисі:
1 орын – Мамажанов Розимұрат, 2 орын – Нарзуллаев Арсланбек, 3 орын – Жақыпбек Дастан.
- Тоғызқұмалақ: 1 орын – Ергешбай Қайсар, 2 орын – Айтбаева Айсулу, 3 орын – Қарашаш Еркебұлан.
- Шахмат: 1 орын – Нұрақ Бақытжан, 2 орын – Арип Сүндет, 3 орын – Кудратов Гуламжан.
Оларға медальдар, кубоктар, гүл шоқтары және қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар – олардың еңбегінің жемісі, қайсарлығының айғағы.
12 қыркүйек күні өткен шығармашылық кеште ерекше жастардың өнерге деген құштарлығы мен таланты барша көрерменді тәнті етті. Ән мен би, әдебиет пен қолөнер тоғысқан кеш – нағыз шабыт пен шынайылықтың мерекесі болды.
Кеш барысында 40 алғыс хат пен гүл шоқтары табыс етіліп, 10 жас талантқа ынталандыру сыйлығы ретінде ұялы телефон берілді. Бұл тек сыйлық емес, олардың жүрегіне сенім ұялатқан үлкен қолдау еді. Қоғамға бейімделудің көпірі Жобаның тағы бір маңызды бөлігі – қаладағы тарихи-мәдени орындарға ұйымдастырылған экскурсиялар.
Шымкентте өткен бұл мәдени-әлеуметтік жобалар – қоғамдағы инклюзивтілікті нығайтуға, ерекше жастардың әлеуетін ашуға бағытталған үлкен қадам. Спорттағы жеңіс, өнердегі шабыт, қоғамдағы белсенділік – осының бәрі олардың шынайы өмірге деген құлшынысын арттырды.
Comments