AMANAT партиясының Көкбұлақ тұрғын алабында өткізген көшпелі қоғамдық қабылдауы — халықпен тұрақты байланыс орнатып, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Қоғамдық қабылдауға партияның республикалық консультанты, қалалық филиалдардың өкілдері, әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдары және заңгерлер қатысты. Тұрғындардың өтініштері тыңдалып, арыз-шағымдарына нақты жауаптар берілді.
Кездесу барысында ең өзекті мәселелер — елдімекен ішіндегі жолдарды жөндеу, сапалы ауыз су мен электр энергиясын қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңшаларын салу қажеттігі болды. Барлық өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, тиісті басқармаларға жолданды. Партия өкілдері бұл мәселелердің бақылауда екенін және шешілуіне ықпал ететіндерін атап өтті.
Көшпелі қабылдаулардың маңызы — азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін дер кезінде жеткізу мүмкіндігі мен билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуында. Тұрғындардың пікірі тыңдалып, түйткілдер жедел қаралады.
«Құқықтық көмек» жобасы қала аумағында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері 253 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 1997 өтініш қаралған. Оның 71 пайызы оң шешімін тапқан, қалғандары заң аясында түсіндірілген. Сонымен қатар, 8171 жеке шағымның 82 пайызы қанағаттандырылды.
AMANAT партиясы алдағы уақытта да осындай қоғамдық қабылдауларды жүйелі түрде өткізіп, халықтың талап-тілектерін орындауға атсалысатын болады.
Қоғамдық қабылдаулардың осындай форматы тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін тиімді алаң болып табылады. Бұл шаралар билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың өзекті мәселелеріне уақытында жауап беруге мүмкіндік береді. Партия өкілдері мен жергілікті билік өкілдерінің бірлесіп атқаратын жұмыстары қоғамның сенімін арттырып, әрбір азаматтың құқықтық тұрғыда қорғалуын қамтамасыз етеді.
Жалпы, халықтың мұң-мұқтаждарын тыңдап, шешімдер ұсыну — ашық әрі тиімді басқарудың басты принципі.
Comments