Жаңалықтар

БІЛІМ КҮНІНДЕ ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

Шымкент қаласында биылғы жаңа оқу жылында бірқатар мектептер пайдалануға берілді. Білім күніне орай, бүгін Тельман шағынауданында №152 жалпы орта білім беретін жаңа мектептің ашылу салтанаты өтіп, алғашқы қоңырау соғылды. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, барша ұстаздар, ата-аналар қауымын, шәкірттерді жаңа оқу жылымен құттықтады.

Шымкент қаласында биылғы оқу жылында 28 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Қала әкімінің орынбасары жаңа оқу жылы – тек ұстаздар үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі жылда қалада 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ұлттық жоба аясында тағы 12 мектеп салынды. Шаһарда білім саласына ұдайы назар аударылып келеді. Жалпы білім саласында жаңа мектептердің пайдалануға берілуі, білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, қауіпсіздікті күшейтуде көптеген жұмыстар атқарылды. Енді оқушылар тек қана білімге ұмтылуы тиіс.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлжанар Құдайбергенованың мәліметінше, жаңа мектепке 650 бала қабылданды. Білім ордасы жалпы 1200 балаға арналған.

Қала әкімінің орынбасары, ардагер ұстаздар, жалпы көпшілік жаңа мектептің кабинеттерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Жаңа мектептердің ашылуы қаланың білім беру саласындағы үлкен жетістіктерінің бірі. Әсіресе, Шымкентте білім инфрақұрылымын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар айтарлықтай қарқын алды. Бұл оқиғалар тек мектеп санының артуын ғана емес, оқу сапасының да жақсаруына септігін тигізеді.

Қалада соңғы екі жылда ашылған 39 жаңа мектеп пен 12 ұлттық жоба аясында салынған мектептердің әрқайсысы білімге қолжетімділікті арттырып, оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Мұндай мектептер балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік туғызып, қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсуіне жағдай жасайды.

Жаңа мектептердің ашылуы – бұл тек оқу орындарының санының артуы ғана емес, сонымен қатар Шымкенттің болашағын қалыптастыратын білім беру жүйесінің дамуының көрсеткіші.

 

“Нашақорлыққа жол жоқ” – салауатты өмір салтын насихаттаған спорттық шара

Алдыңғы

СЫҢҒЫРЛАҒАН ҚОҢЫРАУ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ШАҚЫРДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *