Бүгін Шымкент қаласында өңірдегі теологтар, имамдар және ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған кәсіби біліктілікті арттыру мен практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған үш күндік семинардың қорытындысы өтті. Іс-шараға Республикалық ақпараттық-түсіндірме тобының өкілдері арнайы қатысты.
Семинар аясында бірқатар ғылыми және тәжірибелік бағыттағы дәріс оқылды. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам университетінің Ph.D докторы, РАТТ мүшесі Алау Әділбаев «Діни сенім және исламда ар-ождан бостандығы. Ғылым мен діннің ара-қатынасы» тақырыбында баяндама жасады. Ал халықаралық құқық мамандығы бойынша философия докторы Ермек Бекбосынов «Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу негіздері мен әдіс-тәсілдері» жөнінде өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ бұдан басқа да дінтану саласының өкілдері де ұлттық қауіпсіздік пен діни экстремизмге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, өңірдегі әріптестеріне өз білгендерімен бөлісті.
Шымкент қаласының имамы, дінтанушы Самат Анарбаев бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтіп «Білім күндері» үш күндік курсы біз сияқты теологтар мен имамдар үшін үлкен игілікті сабақ болды. Қоғамдағы руханиятқа жөн сілтеп, тыныштық пен ынтымақты насихаттау – біздің басты міндетіміз. Курста көтерілген мәселелердің бәрі осы бүгінгі күннің өзекті тақырыптары. Теориялық және практикалық тұрғыдан алған құнды мәліметтерді алдағы жұмысымызда тиімді пайдаланамыз деп сенемін», деді.
Ал Дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Таңшолпан Мұхтарқызы да бұл курстың кәсіби тұрғыдан пайдалы болғанын жеткізді.
«Бұл іс-шара 27–29 тамыз аралығында Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды. Курста экстремизмнің алдын алу, терроризмнің шығу себептері мен әлеуметтік-философиялық қырлары, халықаралық тәжірибелер талқыланды. Маған ерекше әсер еткені діни сараптама жүргізу мәселесі болды. Мұндай курстар бізге кәсіби біліктілікті арттырып, қоғаммен тиімді жұмыс жасауға зор мүмкіндік береді», – деді ол.
Айта кетейік, биыл өңір имамдары мен теологтарына арналған бұл екінші курс болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай бағдарламалар мамандардың білімін жетілдіріп қана қоймай, қоғамдағы рухани тұрақтылық пен дінаралық татулықты сақтауға да үлкен үлес қосады.
Comments