Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кезекті кең ауқымды тазалық іс-шаралары өтті. Қала аумағында ұйымдастырылған сенбілікке коммуналдық мекеме қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері мен қала тұрғындары белсенді қатысты.
Алғашқы жұмыстар таңғы сағат 09:00-де Тұран ауданы, Құрсай шағын ауданында басталды. Мұнда мал базары аумағы, мұсылман және христиан мазараттарының төңірегінде қоқыстар жиналып, тасжол бойы тазартылды.
Тазалық жұмыстарына Қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Сыдықұлы арнайы қатысып, шараның маңыздылығына тоқталды
«Бүгін бұл аумақтағы тазалық жұмысына 200-ге жуық адам жұмылдырылды. Олардың қатарында коммуналдық мекеме қызметкерлері, аудан әкімдігі қызметкерлері, әлеуметтік нысандардан келген мамандар және жергілікті тұрғындар бар. Сенбілікке қаланың әр аумағынан да қолдау көрсетіліп жатыр. Жалпы қаладағы сенбіліктерге 700-ге жуық адам мен жиырмадан астам техника тартылды. Бұл Шымкентті таза әрі көрікті қалаға айналдыру жолындағы маңызды қадам», – деді ол.
Сенбілік тек Құрсайда ғана емес, қаланың өзге аумақтарында да жалғасты. Денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, цифрландыру, мемлекеттік сатып алу және жұмылдыру басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ аудан тұрғындары белсенділік танытып, қаланың ішкі көшелерін тазалады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық акциялар тұрақты түрде жалғасып отырады. «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты да сол, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, қала ауасын таза ұстауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақыруға бағытталған.
Бұл сенбілік қаланың тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсартуға деген тұрғындардың ортақ жауапкершілігін көрсетті. Таза әрі көрікті Шымкент қаласына айналдыру жолында әр адамның қатысуы маңызды. Осындай іс-шаралар тұрғындарды тек таза қалада өмір сүруге ғана емес, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға да тәрбиелейді. Әрбір қатысушы өз үлесін қосып, қалаға деген сүйіспеншілігін білдірді, бұл бірлігі мен ұйымшылдығы жоғары қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы сенбіліктер тек экологиялық мәселелерді шешумен шектелмей, адамдар арасында өзара ынтымақтастықты нығайтады. Бұл акциялардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қаланың тазалығын сақтауға деген жауапкершілікті арттырады. Таза әрі жасыл қалада өмір сүру — әрбір адамның, әрбір отбасының үлесі мен міндеті екені айқын байқалды.
Comments