Бүгін Шымкент қаласының ең көрікті орындары бір мезетте думанға толып, ерекше рухани мерекеге айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары «Шым қала» кештерінің аясында түрлі мәдени бағдарламаларды тамашалап, өнердің сиқырлы әлеміне еніп қайтты.
Қаладағы саябақтар мен аллеяларда әр ұжым өз өнерін ортаға салып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Шым сити» саябағында Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері күлкі мен қуанышқа толы қойылымдар ұсынып, жиналғандардың жүрегін жадыратты. Ал «Шәмші әлемі» аллеясында «Шымкент концерт» ұйымының әуезді әндері қалықтап, тыңдарманды әсем әуеннің құшағына бөледі.
Осылайша қала орталығы мен шағынаудандардағы алаңдар бір сәтте үлкен сахнаға айналды. «Арбат» алаңында қуыршақ театрының қызықты қойылымдары кішкентай көрермендерді мәз қылса, «Металлургтер» саябағында қалалық орыс драма театры көркем шығармаларымен ерекшеленді. «Қазақстан-Түркия достығы» саябағында опера және балет театрының әуезді ариялары шырқалып, би қойылымдары көрсетілді.
Сондай-ақ, «Нұрсәт-1» аллеясында өзбек драма театрының өнерпаздары ұлттық нақыштағы қойылымдарын паш етсе, Абай саябағында Ж. Шанин атындағы қазақ драма театры классикалық шығармаларды сахналап, көпшілікті терең ойға жетеледі.
Көрермендер үшін бұл кеш – өнер мерекесі ғана емес, қаланың мәдени тынысын айқындайтын үлкен іс-шара болды. Ән мен жырдан шашу шашқан өнерпаздар Шымкенттің мәдени келбетін тағы бір қырынан танытып, қала тұрғындарының жүрегіне шаттық сыйлады.
«Шым қала» кештері шырайлы шаһардың рухани байлығын дәріптеп, өнерсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырған ерекше мәдени оқиғаға айналғаны қала қонақтары мен тұрғындарын да қуантып келеді.
Бұл кештер қала мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, оның тұрғындарына ерекше қуаныш сыйлады. Әртүрлі өнер түрлерінің бірігуі арқылы қала бір сәтте үлкен шығармашылық алаңға айналды. Мұндай шаралар тек мәдениетке қызығушылықты арттырып қана қоймай, қала тұрғындарын біріктіріп, олардың өзара қарым-қатынасын нығайтады.
Шымкенттің рухани байлығы мен көпмәдениеттілігі осындай іс-шаралар арқылы айқын көрінеді. Көптеген жанрлар мен театрлардың бір алаңда тоғысуы қалаға жаңа тыныс сыйлап, оның мәдениеттілігін халықаралық деңгейде де танытуға мүмкіндік береді. Бұл кештер – тек өнерді қадірлеу ғана емес, сондай-ақ қаланың даму жолындағы үлкен қадамдардың бірі.
Comments