Жаңалықтар

ДІНМҰХАММЕД ҚОНАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

Шымкент төрінде мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевты еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир бастау алды. Тұңғыш рет ұйымдастырылған айтулы жарыста Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 650-ге жуық жас татами шебері бақ сынауда.

Бұл жарыс – жас буынға үлгі, спорт сүйер қауымға мереке, ал көрермен үшін нағыз тартысты да қызықты спорттық сайыс болмақ. Бүгін халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ермек Дәрменов турнир жасөспірімдер үшін нағыз мереке екенін атап өтіп, жарысты ашып берді. Осы сайыстан келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын азаматтар шығатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, жарыстың құрметті қонақтары – қоғам қайраткері Шәріпбек Жамалбек, Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов, қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та өз құттықтауын жеткізді. Аталған бәсеке ертең аяқталады.

Дзюдо спорты соңғы кезде елімізде қарқынды дамуда. Былтыр Парижде өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов алтын, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды. Жарқын жеңіс жасөспірімдерге зор серпін берген. 2024 жылы жерлесіміз Талғат Орынбасар Душанбеде (Тәжікстан) өткен дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған еді. Шымкент қаласында дзюдо күресінен дарынды жастар өсіп келеді. Халықаралық турнир де келешекте дарынды жастардың шығуына өз септігін тигізбек.

Дінмұхаммед Қонаевты еске алуға арналған бұл халықаралық турнир жас спортшылардың кәсіби деңгейін арттыру мен өзара тәжірибе алмасуына ерекше мүмкіндік туғызуда. Бұл жарыс тек спорттық шара ғана емес, сонымен қатар достық пен ынтымақтастықтың белгісі болып табылады. Жарысқа қатысушылар тек жеңіс үшін ғана емес, әрбір қарсыласын құрметтеп, ұлттық құндылықтар мен спорттың тазалығын ұлықтайды.

Шымкент қаласында ұйымдастырылған бұл халықаралық турнирдің мәні ерекше.

 

«Есті ене, көргенді келін» байқауы өтті

Алдыңғы

ХАЛҚЫНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ ҚАЛҒАН ТҰЛҒА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *