Мәдениет

«Есті ене, көргенді келін» байқауы өтті

Шымкент қаласында отбасылық құндылықтарды ұлықтап, салт-дәстүрді дәріптеуге арналған ерекше жиын өтті. «Әзіл-сықақ және сатира» театрына жиналған көрермендер ұлттық тәрбиенің мәйегіндей болған әжелер мен инабатты келіндердің өнеріне куә болды. «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» ұйымдастырған «Есті ене, көргенді келін» байқауы дәстүр мен тәрбие сабақтарын жаңғыртты.
Байқаудың басты мақсаты – ұмыт бола бастаған ата-баба жолын қайта жаңғыртып, ұрпаққа өнеге ету. Себебі, әулеттің берекесі – ананың ақылында, келіннің ибасында, ененің даналығында. Осыны айшықтай білген қатысушылар сахна төрінде өз өнерін ортаға салып, көпшілікке ұлттық тәрбиенің шынайы үлгісін көрсетті.
Шымкенттің бес ауданынан жиналған әжелер мен келіндер жарыс барысында ән айтып, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап берді, тағам әзірлеп, отбасындағы сыйластықтың мәнін айшықтайтын көріністер қойды. Бірі қонақ күту әдебін көрсетті, енді бірі тосыннан туған жағдайға тапқырлықпен жауап қатты. Әжелердің тәлімді сөзі мен ақыл-кеңесі, келіндердің ибалы мінезі мен өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Залда отырған көпшілік ата-баба дәстүрінің әлі күнге өзектілігін сезініп, «келіннің көркі – ибасы, әженің көркі – даналығы» дегенді іштей мойындады. Байқаудың әр кезеңінде отбасылық тәрбие мен ұлттық құндылықтың өлшеусіз маңызы айқын көрініп тұрды.
Шара соңында оза шапқан қатысушылар марапатталып, барлық қатысушыларға алғыс хатпен марапатталды. Көпшілік үшін бұл күн тек қана байқау емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміздің тағы бір қайта жаңғыруына себеп болған мерейлі сәт болып есте қалды.

Бұл байқау ұлттық тәрбиені ұлықтау мен қазақы дәстүрлерді дәріптеу жолында маңызды қадам болды. Әжелер мен келіндердің өнері, олардың әрбір қимылы мен сөзі көрермендерге салт-дәстүрдің мәнін қайта сезіндірді. Қатысушылар өз өнерімен ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие үлгісін көрсетті. Әсіресе, қонақ күту мәдениеті мен отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығын дәріптеу ерекше орын алды.

Ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық тәрбиенің мәнін ұқтырған бұл шараның маңызы зор. Ұлттық құндылықтарды сақтау арқылы келешек ұрпақты жауапкершілікке, адалдыққа және өзара сыйластыққа тәрбиелеуге болатындығын байқау көрсетті. Ал қатысушылардың әрқайсысы өздерін осы байқау арқылы қазақы қоғамның бір бөлшегі ретінде көрсете алды.

Ынтымақ пен татулық – Қазақстанның басты құндылығы

Алдыңғы

ДІНМҰХАММЕД ҚОНАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *