«3-Энергоорталық» АҚ-ның инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалар бойынша өз міндеттемелерін орындау жұмыстары туралы баспасөз-туры өтті. Іс-шарада мекеменің бас инженері Бақыт Жолдыбаев қазандықтар мен құрылғыларды жаңғырту, қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша жұмыстарды баяндады.
Бас инженердің айтуынша, 2025 жылға жөндеу жұмыстарына 1,5 млрд теңге қаралған. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қысқы жылыту маусымына дайындық аясында жоспарланған іс-шаралардың бәрі жүзеге асырылды.
-Жылдың басынан 2 қазандық агрегаты күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда үшінші қазандықтың жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Одан бөлек, бірінші қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Жалпы қысқы жылыту маусымына дайынбыз. 30 қыркүйекке дейін қалған жұмыстардың барлығы аяқталады, — дейді бас инженер.
Инвестициялық бағдарламаны іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Орталық өткен жылыту маусымын жоспарға сай өткізген. Шымкент қаласының алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындығын және тұрақты өтуін қамтамасыз ету басты назарда тұр.
Қысқы жылыту маусымына дайындықтың барлығы жоспарға сай өтуде. Бас инженер Бақыт Жолдыбаевтың айтуынша, барлық қажетті жөндеу және жаңғырту жұмыстары аяқталып, қазандықтар мен жүйелер толықтай тексерілген. Бұл жұмыстардың нәтижесінде қала тұрғындары алдағы жылыту маусымында үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, осыған дейін орын алған ақаулар мен техникалық ақаулардың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардың маңызы зор.
Жалпы, Шымкент қаласының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар қала тұрғындарының ыңғайлы әрі қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қадамдар қаладағы коммуналдық қызметтердің тұрақты жұмысын сақтап, алдағы қысқы маусымда да жылудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Comments